Перейти к содержимому страницы.

МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІ СТУДЕНТТЕРІ IT-ЖОБАЛАРЫН ТАНЫСТЫРДЫ

24.02.2026

Pavlodar Hub алаңында өткен таныстыру сессиясына облыс әкімі Асаин Байханов қатысып, студенттердің цифрлық шешімдерімен танысты. Кездесу барысында жобалардың нақты өмірде қолданылуы, оларды әрі қарай дамыту және өңірлік деңгейде енгізу мүмкіндіктері талқыланды.

ФМ-41 тобының 4-курс студенті Калжапаров Адиль ұсынған MathLab — математиканы оңай әрі қызықты меңгеруге арналған цифрлық қосымша. Платформада тапсырмалар ойын форматында беріледі, ал PvP-баттл режимі арқылы оқушылар бір-бірімен жарыса отырып есеп шығарады. Бұл тәсіл пәнге қызығушылықты арттырып, логикалық ойлау мен жылдам есептеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.

ИА-12с тобының 1-курс студенті Касабаева Аружан әзірлеген FalmasGardenTrack — топырақтың жағдайын бақылауға арналған «ақылды» жүйе. Арнайы сенсорлар топырақтың құрамын зерттейді, ал жасанды интелект ол мәліметтерді талдап нақты ұсыныстар береді.

 ГШ-12 тобының студенті Жандарбеков Мирас таныстырған MugalimPipe — сабақ сапасын бағалауға арналған цифрлық платформа. Мұғалім тек өз сабағының видеосын жүктейді, жүйе оны автоматты түрде талдап, түсіндіру айқындығы, уақытты басқару, оқушымен байланыс сияқты бірнеше негізгі критерий бойынша толық анализ шығарады. Бұл мұғалімге өз жұмысын объективті түрде талдап, кәсіби деңгейін жақсартуға нақты бағыт береді.

Ұсынылған жобалар — білім беру, ауыл шаруашылығы және EdTech бағыттарын қамтитын нақты шешімдер. Олар тек идея деңгейінде емес, практикалық қолдануға дайын өнім ретінде ерекшеленеді.

Марғұлан университеті студенттерінің бұл бастамалары олардың заманауи технологияларды еркін меңгергенін және қоғамның нақты мәселелерін шешуге бағытталған жаңа буын екенін айқын көрсетеді.