СТУДЕНТТЕРІМІЗ "АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ" СПЕКТАКЛІНЕ БАРДЫ!
03.02.2022
Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры студенттерімізді «Алғашқы махаббат» спектакліне шақырды.
Өкінішке орай, карантиндік шараларға байланысты пандемия кезінде Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық-драма театры көпке дейін өз қойылымдарын көрерменге ұсына алмады.
Өткен жылы Қазақ музыкалық-драма театры 30 жылдық мерейтойын тойлауы керек еді. Өнер ұжымы өз көрермендеріне арнайы бағдарлама дайындады. Репертуарында жүзден астам спектакль бар. Өткен жыл театрлар үшін тоқырау жылы болды.
Ақырында, театр карантиннен біртіндеп шыға бастады. Шығармашылық топ спектакльді өз көрермендеріне ұсынуға мүмкіндік алды. Көрермендер де бұл кездесуді асыға күтті, сүйікті актерлерін қатты сағынды.
Жас ақынның алғашқы махаббатын баяндайтын «Алғашқы махаббат» қойылымына жастардың қарасы қалың. Олардың арасында Павлодар педагогикалық университетінің студенттері де аз емес.
«Алғашқы махаббат» қойылымы Қанат есімді 11-сынып оқушысының балалық сезімі жайлы баяндайды. Жас жігіт ауылға келген жас ұстазға деген алғашқы сезімін бастан кешіріп, оны өлеңмен жеткізуге тырысады.
Мектеп өмірінен сахналық көріністер, сыныптастардың әзіл-қалжыңы мен еркелігі көрермендерге қуаныш пен күлкі сыйлады. "Театр әкімшілігіне «Алғашқы махаббат» спектакліне билет сыйлағаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Бүгін біз театрдың жарқын сезімдер мен эмоциялар әлемі екеніне тағы да көз жеткіздік, бірақ театр көрерменсіз театр жетім. Алдағы уақытта сүйікті театрымызға жиі баратын боламыз", - дейді белсенді Әлішер Төлеутаев.