ПАВЛОДАРЛЫҚ СУДЬЯЛАР ППУ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ
27.04.2022
Павлодар қалалық сотының Ажар Аймұхамбетова, Әлия Асанова, Жұлдыз Тілеуғабылова қатарлы судьялары Павлодар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Еркін диалог ППУ мен қалалық соттың бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Кездесу барысында сот өкілдері отбасы және неке туралы даулы мәселелерді медиация және бітімгершілік мүмкіндіктері арқылы оң шешу жолдары туралы айтты.
Әңгімелесу барысында соттағы азаматтық дауларды, қоғамдағы отбасылық жанжалдарды азайту, азаматтық сот ісін жүргізудің сотқа дейінгі сатысында татуластыру рәсімдерін қолдану мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, некелері бұзылған отбасының одан кейінгі жағдайы, бала және балаға төленетін алимент мәселесі түсіндірілді.
-Неке бұзу туралы арыз түскен кезде мына мәселе қаралады: Бала кіммен қалады және кәмелетке толмаған балалардың үлесі қандай? Егер, бала он жасқа толған болса оның пікірімен санасуға болады. Яғни, кіммен қалғысы келетіні тыңдалады.Ал он жасқа толмаған бала өз қалауын айта алмайды. Сондықтан, екі жақтың жағдайы қаралады.Негізі арыс түскен кезде 20 күн сотқа дейін әзірлеу жұмысы жүргізіледі. Яғни, өзара бітімгершілік арқылы шешіп, бір келісімге келуге уақыт беріледі. Егер, 20 күннің ішінде бір келісім болмаса, татуласып, отбасын сақтап қалуға тағы бір-екі ай уақыт беріледі, -дейді Әлия Асанова.
Жалпы, судьялар неке бұзу туралы түскен арыздарға қатысты бірден шешім шығармайды. Қазіргі күні судьялардың өзі отбасын сақтап қалу мақсатында екі тарапты татуластыру жұмысын жүргізеді.Сонымен қатар, арызбен жүгінген ерлі-зайыптыларды ақсақалдардан құрылған билер кеңесіне, медиатрларға және психологтарға жібереді. Осы күнге дейін билер кеңесі мен отбасылық психологтар қанша ма ерлі-зайыптыларды ажырасу райынан қайтарып, шаңырақтарын сақтап қалғанын айтады. Осы айдан бастап, облыстық соттың төрағасының бастамасымен мектеп және ЖОО жастарымен кездесулер ұйымдастырылып, ажырасудың алдын алу шаралары жүргізілуде.
Шараға ППУ тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы қатысып, қонақтарға алғысын білдірді.