Перейти к содержимому страницы.

Спортшыларымыз ХІ-жазғы универсиададан жүлделі оралды

18.05.2021

Павлодар педагогикалық университетінің студенттері ХІ-жазғы Қазақстан Республикасының Универсиада ойындарында Қазақ күресінен жүлдегер атанды.

Атап айтсақ, 12-16 мамыр аралығында Қазақ күресінен Түркістан қаласында өткен республикалық Универсиадада ППУ-дың Өнер және спорт жоғары мектебінің 4 курс студенттері Ерғантай Еламан 82 келі салмақта 2-орынды еншілесе, Белялова Жанар 3-орынды жүлделеді.

–       Осы республикалық Универсиадаға жолдама алу үшін спортшылармыз үлкен дайындық жүргізді. Алдымен университет ішінен іріктеліп, кейін облыс көлемінде әрбір салмақ категориясы бойынша мықтылар сұрыпталды. Жарыс біздің құрама үшін сәтті болды. Ұл-қыздарымыз күрес алаңында бар шеберліктерін көрсетіп, қарсыласқа дес бермеді. Десе де бірінші орынға таласуға биыл мүмкіндігімізді жіберіп алдық, екінші және үшінші орындарды қанжығамызға байладық, – дейді Дене шынықтыру және спорт білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, бапкер Қайрат Темірболатов.

Жартылай ауыр салмақта өнер көрсеткен Ерғантай Еламан Алматы қаласының Каспий университеті, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен келген қарсыластардан басым түссе, финалға жолдама сайыста М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің спортшысына есе жіберіп алды.

Ал жеңіл салмақта күрескен Белялова Жанар Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің спортшыларын тізе бүктіріп, түркістандық қарсыласынан ұтылып қалды. Ал 3-орынға ақтық сайыста алматылық қарсыласын жамбасқа салып жатқызды.

ХІ-жазғы Бүкілқазақстандық Универсиада ойындары 30 спорт түрі бойынша өтті. Жеңімпаздар Қазақстан Республикасынынң Білім және Ғылым министрлігінің дипломдары мен кубогімен марапатталды.  

Universiada2

Universiada3

Universiada