«МЕКТЕП – ЖОО» ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ ЖҮЗЕГЕ АСУДА!
23.02.2022
Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Есенгелдин Бауыржан Сатыбалдыұлы бастаған университет өкілдері Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған «Жас дарын» мектебінде болды.
Мектеп директоры Жанғазы Гүлнар Садыққызы әріптестеріне экскурсия жасап, ұжымның инновациялық қызметімен таныстырды.
Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты – жас мамандардың мектептерде қалай жұмыс істейтінін білу. «Жас дарын» мамандандырылған мектебіндегі 46 мұғалімнің 50 пайыздан астамы Павлодар педагогикалық университетінің түлектері, оның 10-нан астамы жас мамандар. Мектеп директоры Жанғазы Г.С. жас мұғалімдердің жақсы дайындығын атап өтті, олардың көбі жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Мысалы, математика пәнінің мұғалімі Ахшалова Данира Қасқырбайқызы мұғалімдер арасындағы олимпиаданың жеңімпазы атанды. Оның көптеген шәкірттері республикалық, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары атанды. Биология пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Қисап Айдана Серікқызы – «Еріс дарыны-2021» байқауының жеңімпазы, биология пәнінен ағылшын тілінде сабақ береді. Математика пәнінің мұғалімі Жаңабек Иран Қайратұлы - жас мұғалімдер арасындағы республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оның шәкірттерінің арасында «Зерде» ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары да бар.
Бұл мектепте мықты, кәсіби мұғалімдер көп. Олардың қатарында «Жыл мұғалімі-2016» республикалық байқауының жеңімпазы – математика пәнінің мұғалімі Байсарин Ертас Мәдениетұлы және «Жыл мұғалімі-2017» республикалық байқауының жеңімпазы – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құставлетова Айгүл Баянқызы сынды Павлодар педагогикалық университетінің түлектері бар.
Университет өкілдері студенттермен кездесіп, оларды педагогикалық университетке қабылдау және білім алу ерекшеліктерімен таныстырды.
Жиын барысында шебер ұстаздар болашақ ұстаздармен тәжірибе алмасатын іс-шаралар кешенін өткізу туралы шешім қабылданды. Өз кезегінде университет ғалымдары оқытушылармен бірлесіп педагогика саласында ғылыми зерттеулер жүргізуге дайын.