Перейти к содержимому страницы.

«СОҢҒЫ ШЕШІМ: ЖАСТАРДЫҢ ТАҢДАУЫ»

17.03.2026

Бүгін  Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Ғибрат» студенттік театры «Соңғы шешім» атты драмалық қойылымын көрерменге ұсынды.

Қойылым Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тұжырымдамасы аясында және Павлодар облысы прокуратурасының бастамасымен ұйымдастырылды.

«Соңғы шешім» драмасы жазушы Мерей Қарттың «Белгісіз бағыт» шығармасының желісімен сахналанды. Қойылым режиссерлері – студенттік театрдың жетекшісі Арайлым Сүндет және Түркиядан келген оқытушы Acar Mustafa Recep Ensar. Бұл – университет тарихындағы алғашқы халықаралық бірлескен театрлық жобалардың бірі ретінде шығармашылық әріптестіктің жаңа кезеңін айқындаған маңызды бастама. Бір сағатқа созылған спектакльде басты рөлді тарих, құқық және кәсіпкерлік мамандығының 2-курс студенті Ақжол Аюпбек сомдады.

Аталмыш ауқымды шара Марғұлан университеті басшылығының қолдауымен өтті. Қойылымды университет ректоры Ержан Әмірбекұлы тамашалап, өнерпаз жастарға алғыс білдірді. Ол өз сөзінде қойылымның өзектілігін ерекше атап өтіп, оның жастардың санасына әсер етіп, дұрыс шешім қабылдауға жетелейді деген үміт білдірді. Сондай-ақ, шығармашылық ұжымның еңбегін жоғары бағалап, олардың қоғамдағы маңызды мәселелерді көтерудегі рөлін атап өтті. Сонымен қатар, Түркиядан келіп, университетте бір жылға жуық қызмет атқарып жүрген профессор Acar Mustafa Recep Ensar-дың қазақ тілін меңгеруге, ұлттық мәдениетімізді түсінуге және түркі дүниесінің құндылықтарын таныстыруға қосып отырған үлесін жылы лебізбен атап өтті.

Қойылымға арнайы Семей қаласынан «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, шығарма авторы Мерей Қарт келіп, спектакльді тамашалады. Автордың қатысуы шығармашылық ұжымға ерекше қолдау білдіріп, қойылымның мәні мен маңызын одан әрі арттыра түсті.

Айта кетерлігі, қойылым Торайғыров университетінің базасында өтті. Спектакльді аталған оқу орнының оқытушылары мен студенттері де тамашалап, қойылымға ерекше қызығушылық танытты. Бұл – өңірдегі жоғары оқу орындары арасындағы өзара қолдау мен достық әріптестіктің жарқын көрінісі.

Спектакльдің негізгі мақсаты – жастар арасында заңға құрмет пен құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үндеу. Қойылым мазмұны арқылы көрермендер құқыққа қайшы әрекеттердің салдары туралы ой түйіп, саналы шешім қабылдаудың маңызын сезіне алды.

Сахнада университеттің 1–3 курс студенттерінен құралған 20-дан астам жас өнерпаз өнер көрсетті. Қойылымдағы би көріністерін MUza таланттар академиясының хореография үйірмесінің студенттері дайындаған. Спектакльге дайындық жұмыстары екі айға жуық уақытқа созылған.

Көрермен көңілінен шыққан «Соңғы шешім» қойылымы – жастардың шығармашылық әлеуетін ғана емес, олардың азаматтық ұстанымы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін де айқын көрсете алған тағылымды туынды болды.