СЕНІМДІ ӨКІЛДЕР СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
27.10.2022
Павлодар педагогикалық университетіне Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері келіп, оқытушылармен және студенттермен кездесті. Кездесуге Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев, «Аманат» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко, облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Санира Жүсіпова және облыстық мәслихат депутаттары келді. Үгіт-насихат жұмысы барысында олар Қ.Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын түсіндіріп, алдағы уақытта елдің әлуметтік-экономикалық әл ауқатын арттыру бағытында қолға алынатын жоба-жоспарларымен бөлісті.
«Аманат» партиясының Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының 70 пайызы тікелей жастарға арналғанын атап өтіп, әділетті Қазақстан құру – сіздер мен біздердің қолымызда деді.
- Кеше халықтық коалициясы штабының ашылуын көрдік. Сол кезде президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлау алды бағдарламасымен таныстырды. Кездесу барысында жастар үшін көп мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті. Мысалы, келешекте шәкіртақы екі есеге дейін өсіріліп, жатақхана мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. Сонымен қатар, бизнеспен айналысатын жастар үшін келесі жылдан бастап 2,5 пайыздық несие беріліп, мыңнан астам жұмыс орны құрылатын болды. Мұның барлығы өздеріңізде жастардың өмірін жақсарту мақсатында қолға алынған жұмыстар, - деді Санира Жүсіпова.
Сонымен қатар, алдағы болатын саяси науқанға бей-жайлық танытпай, барынша белсенділік танытып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіруге шақырды.