СЕНАТОР АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫМЕН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯДАҒЫ ҒЫЛЫМ МЕН ҰЛТТЫҚ МҰРАНЫҢ МАҢЫЗЫН ТАЛҚЫЛАДЫ.
20.02.2026
Марғұлан университетінің Археологиялық зерттеулер институтында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлының қатысуымен кездесу өтті. Жиында Жаңа Конституция аясындағы реформалар, соның ішінде ғылымды дамыту, тарихи және мәдени мұраны қорғауға қатысты өзгерістер кеңінен талқыланды.
Сенатордың айтуынша, Ата заңда бекітілген қағидаттар ғылыми ізденістердің еркіндігіне, ұлттық құндылықтарды сақтауға және мәдени мұраны қорғауға құқықтық тұрғыдан мықты негіз қалайды.
«Жаңа Конституция – саяси өзгерістер құжаты ғана емес, елдің зияткерлік әлеуетін арттыруға, ғылымды қолдауға және тарихи сананы нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Ұлттық мұраны сақтау – үлкен жауапкершілік», – деді Алтынбек Нухұлы.
Ғалымдар өз кезегінде археология саласының өзекті мәселелерін көтерді. Әсіресе, археологиялық ескерткіштерді қорғау, заңсыз қазба жұмыстарымен күрес, ғылыми жобаларды тұрақты қаржыландыру және жас зерттеушілерді қолдау қажеттігі айтылды. Археологиялық зерттеулер институтының өкілдері Конституциялық реформалар аясында ғылым саласына көрсетілетін қолдау нақты тетіктер арқылы жүзеге асуы тиіс екенін жеткізді.
Кездесу барысында қатысушылар өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салды. Сонымен қатар, Жаңа Конституциядағы өзгерістер ғылымды дамытуға, тарихи және мәдени мұраны қорғауды күшейтуге тың мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.




