Перейти к содержимому страницы.

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНА ТАҒЗЫМ

31.05.2022

Бүгін – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Тарихтың осы қаралы датасына орай Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы кеңестік саясаттың қылышына ілінген Алаш арыстарының және жаппай ашаршылықтың құрбанына айналған ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Іс-шара Павлодар педагогикалық университетінің №2 студенттер үйінің қабырғасындағы Алаш арыстары муралының алдында құрбандарды бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Оған ППУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы қатысып, бұл қаралы кезеңнің қазақ тарихындағы маңызыдылғына тоқталды.

- Осыдан бір ғасыр уақыт бұрын елім-жерім деп жандарын шүберекке түйіп, бастарын құрбан еткен Алаш арыстарының есімдері есімізден шықпайды. Тарихшы ғалым Хангелді Әбжанов ағамыз бір сөзінде: «Кеңестің жүйенің кешірілмейтін екі кінәсі бар. Біріншісі ашаршылық, екіншісі қуғын-сүргін» деген болатын. Міне, 31-ші мамырда қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай қазақ халқының басына төнген азалы жылдарды еске алып, құрбан болған ұлылардың рухына тағзым етудеміз. Себебі, азалы жылдардың ащы тарихын бәріміз білуіміз керек. Егер, елі үшін құрбан болған арыстардың есімін ескерусіз қалдырар болсақ тәуелсіздігімізді қадірлемеген боламыз. Осы орайда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссия құрылып, еліміздің әр өңірінде жұмыс жүргізуде. Бұл бүгінгі ұрпақ алдындағы азаматтық парыз, - деді Болат Құдайбергенұлы.

Сонымен қатар, университет оқытушылары мен студенттері орталық жағалаудағы саяи қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш тақтасының алдына барып, марқұмдардың рухына арнап гүл шоқтарын қойды. Аталған шараға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Павлодар қаласының әкімі Асайн Байханов және өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысып, тағзым етті.

- 31 мамыр – қазақ халқының тарихы үшін өте маңызды күн. Мен бүгін алғаш рет саяи қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары ескерткішінің алдына барып, марқұмдардың рухына тағзым еттім. Кейінгі ұрпақ ұлт тәуелсіздігі жолында жандарын құрбан еткен Алаш арыстарын ұмытпауы керек, - дейді ППУ студенті Сабыр Нұрсұлтан.

Еске сала кетейік, кеңестік жүйенің кесір саясаты салдарынан 100 мыңға жуық қазақстандық қуғынға ұшырады. Оның 20 мыңы атылды. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт зиялылары да болды.