САЯСАТ НҰРБЕК СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ЖАТАҚХАНАЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ
21.08.2023
Алматыда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша ахуалдық орталықтың жұмысымен танысты.
Кездесу барысында жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы мәселелері және студенттердің жатақханаларда жайлы және қауіпсіз өмір сүруін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Саясат Нұрбек жатақханаларда орын жетіспейтін студенттердің үлесіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, Жастар саясаты басқармасының өкілдерін еліміздегі ең көп жоғары оқу орны шоғырланған қалада осы мәселені шешу үшін қажетті шаралар қабылдауға шақырды.
«Қазіргі уақытта басты назарды студенттерді, әсіресе бірінші курс студенттерін баспанамен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуге аудару керек, өйткені олар үшін өмірдің мүлдем жаңа кезеңі басталады. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент жатақханасыз қалмауы керек. Жайлы тұрғын үй барлық азаматтар үшін, әсіресе өз үйінен жырақта жүрген жастар үшін маңызды. Біздің міндетіміз – әр студенттің басқа мәселелерге алаңдамай, өз оқуына көңіл бөлуіне жағдай жасау. Жаңа оқу жылында бірде-бір студент баспанасыз қалмауы үшін инвестиция тартып, тиімді бағдарламалар әзірлеуге күш саламыз. Бірлескен күш-жігер арқылы біз жастарымыздың дамуына және алға қойған мақсаттарына жетуіне лайықты жағдай жасай алатынымызға сенімдімін», - деді Саясат Нұрбек.