Перейти к содержимому страницы.

САРАПТАМА ЖӘНЕ БІЛІМ: ЖАҢА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

05.12.2025

Университет пен Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды 

Бүгін университетте Астана қаласынан Оқу-ағарту министрлігінің Білім мазмұнын сараптау орталығының өкілдері ресми сапармен келді. Делегация құрамында Орталықтың директоры Абдрахманова Назира Кабдоллаевна және ғалым хатшы Айтқазина Толқын Дюсенбековна болды.

Сапар барысында университет пен Білім мазмұнын сараптау орталығы арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға бағытталған меморандумға қол қойылды. Құжат екі тараптың білім беру сапасын арттыру, сараптамалық қызметті күшейту және болашақ мамандарды даярлау бағытындағы бірлескен жұмыстарының негізін қалайды.

Меморандум аясында тараптар төмендегі бағыттар бойынша бірлесе жұмыс жүргізуге уағдаласты:

білім беру ресурстарын дайындау және сараптау үдерістерін жетілдіру;

оқулықтану саласы мамандарының біліктілігін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру;

ғылыми-зерттеу және жобалық қызметті дамыту;

өндірісте практикалық дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау;

түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу арқылы білім алушылардың теориялық білімдерін бекіту.

Кездесу барысында білім беру мазмұны, оқулық сапасы, сараптамалық жұмыстардың тиімділігі, жоғары білім беру жүйесінде кадрларды даярлау сапасы сияқты маңызды мәселелер талқыланды. Тараптар алдағы уақытта бірлескен ғылыми семинарлар, әдістемелік талқылаулар, сараптамалық талдау жұмыстарын өткізуге ерекше қызығушылық білдірді.

Университет пен Орталық арасындағы бұл ынтымақтастық білім беру сапасын көтеруге, оқулықтану саласын дамытуға және болашақ мамандарды еңбек нарығына лайықты даярлауға жаңа серпін береді.