Құрметті медицина саласының қызметкерлері!
18.06.2021
Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз – медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн халық құрметі мен алғысына бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті ақтайтын, асқан шеберліктің иелері – ақ халатты абзал жандардың мерекесі. Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығы ең бір жауапкершілігі мол, құрметті, асыл мамандықтардың бірі. Пандемия жағдайында қоғамымыз медицина қызметкері мамандығының қаншалықты маңызды және жауапты екеніне тағы да көз жеткізді.
Университетімізде жауапкершілік пен шыдамдылықпен атқарып жүрген игі істеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің жанкешті еңбектерiңіз қандай марапатқа болса да лайық. Ертелі-кеш ерінбей, науқастың жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, сөзінің тәттісімен, көзінің жақсысымен көңілін көтеріп, халықтың алғыс-сауабын арқалаған ақ халатты абзал жандар сіздерсіздер.
Осы күнді пайдалана отырып, Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Төгілген тер, танытқан төзімдеріңізге алғыс айтамын. Алдағы уақытта да көптің ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін! Ең маңызды және ізгілікті мамандықтардың бірін таңдаған Сіздерге және отбасыларыңызға амандық пен саулық тілеймін!
Құрметпен, ППУ басқарма төрағасы – ректор Жанбол Жилбаев