РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СТУДЕНТТІК КОНФЕРЕНЦИЯ
21.10.2022
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде Республика күніне орай «Қазақстан педагогика ғылымы жаңа буын зерттеулерінде» атты республикалық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ғылыми шараға ППУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин және студенттер, магистранттар, докторанттар қатысып баяндама жасады. Спикерлер ғылым және жоғары білімді дамыту, оқушыға сапалы білім берудің тиімді жолдарын табу бағытында әзірлеген жаңа жобалары мен өзекті ұсыныстарын ортаға салды.
- Барлықтарыңызға белгілі 16 шілде күні өткен Ұлттық құрылтайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін қайтарып, ұлттық мереке мәртебесін беру жайында ұсыныс білдірді. Осы ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болып, ұлттық мерекелер мен атаулы күндер күнтізбесіне жаңа өзгеріс енгізу жөнінде Қаулы қабылданды. Осы мереке тарихына бір шолу жасар болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл ел Тәуелсіздігінің алғашқы қадамы болатын. Осыдан кейін Республика күні еліміздің мемлекетті құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек деген ұран пайда болды. Осылай ұлттық мереке санатына енді. Негізі еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен басталады. Баршаңызды Қазақстанның әрбір азаматы үшін маңызы зор, Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Осы салтанатты күнде баршаңызға игілік пен бақыт тілеймін, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Осыдан кейін тарих білім беру бағдарламасының докторанты Арман Омаров мінберге шығып, «Ахмет Байтұсынұлының педагогикалық көзқарастары» тақырыбында баяндама жасады. Ал «Педогогика және Психология» білім беру бағдарламасының екінші курс магистранты Абильдинова Сания «Мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тілін ойын технологиялары арқылы түзету» тақырыбындағы зерттеулерін ортаға салып, өз тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, «Математика» білім беру бағдарламасының екінші курс магистранты Жаңабек Иран Қайратұлы және МФкС-21 тобының студенті Еркежан Қаршығановалар баяндама жасады.