Перейти к содержимому страницы.

РЕКТОРДЫҢ ҰЖЫММЕН ЖӘНЕ ҚОҒАМ ӨКІЛДЕРІМЕН ЕСЕПТІ КЕЗДЕСУІ

28.09.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаевтың облыс орталығының жұртшылығы алдында есеп беру кездесуі өтті.

Жиынға серіктестер, жұмыс берушілер – оқу орындарының басшылары, қоғам өкілдері, профессор-оқытушылар құрамы, ЖОО студенттері және студенттердің ата-аналары қатысты.

Жанбол Жилбаев өз сөзінде 2021-2022 жылдарды қорытындылап, университеттің академиялық, ғылыми-зерттеу, тәрбие беру, қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындылары туралы жан-жақты баяндама жасады.

Баяндамада білім сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында педагогикалық жоғары оқу орындарын ұлттық аккредиттеу стандартын құру қажеттігін айтты.

«Бұл қызмет көрсету сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын аккредитациялау жұмыстарын жалғастыру керектігін білдіреді», - деді Жанбол Октябрович.

Университет басшысы қол жеткізген жетістіктерді атап өтіп, оқу орнын дамытудың стратегиялық міндеттері мен басымдықтарын, сондай-ақ алдағы уақытта күтілетін нәтижелерді айқындап берді.

«Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Сөзсіз, университеттің жетістігі аймақтың табысына да әсер етеді, сондықтан ЖОО жаһандық өзгерістерге икемді және тез бейімделуі керек. Бірлескен күш-жігермен алға қойылған барлық міндеттерді орындап, жетекші университет ретіндегі миссиямызды одан әрі ілгерілететінімізге сенімдімін», - деді Жанбол Октябрович.

Есеп беру жиынында жұмыс берушілер атынан Павлодар қаласының №17 ЖБМ директоры Роза Досанова, №2 орта мектептің директоры Гүлшекер Белгібаева, №10 Абай атындағы Дарынды балаларға арналған гимназия директорының орынбасары Мадина Рамазанова, №1 арнайы балабақша-мектеп-интернатының директоры Нұрсәуле Төлемісқызы, Дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің информатика пәнінің мұғалімі Торғын Есенқұлова, сондай-ақ МА-312 студенті Камила Қалтаеваның анасы Қарлығаш Қалтаева сөз сөйледі.

Олар педагогикалық университеттің қызметін жоғары бағалап, университет ұжымына алғыстарын білдіріп, келе жатқан мерейтойларымен құттықтап, алдағы уақытта да жемісті ынтымақтастыққа үміттерін білдірді. Сонымен қатар, олар университетті одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарын білдірді. Кездесуге қатысушылардың барлығы ректорға сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алуға мүмкіндік алды.

Жұмыс берушілер еңбек нарығында ЖОО түлектеріне сұраныстың жоғары екендігін, жас мамандарды кәсіби даярлаудың тамаша сапасын атап өтті.

Еліміздегі жетекші педагогикалық жоғары оқу орындарының бірі – биыл 60 жылдық мерейтойын атап өтетін Павлодар педагогикалық университеті дамудың оң үрдісін көрсетуде. Соңғы жылдары қызметтің барлық салаларында көптеген сандық және сапалық көрсеткіштердің айтарлықтай өсуі байқалады.