Перейти к содержимому страницы.

РЕКТОР ЖАНБОЛ ЖИЛБАЕВ: МЕКТЕПКЕ ҮЛКЕН ЖҮРЕКПЕН БАРУ КЕРЕК

20.12.2022

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев Павлодар қаласының №2 жалпы орта білім беру мектебінің педагогикалық сынып оқушылары үшін «Ұстаз: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында ашық сабақ өткізді. Ашық сабақ университетте жаңадан ашылған Әбікен Бектұров атындағы кабинетте өтті.

Іс-шара қонақтары аталған мектептің ұстаздары мен оқушылары болды. Педагогикалық сабақтарда студенттермен жұмыс жасауда университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жүргізетін сабақтар, лекциялар сияқты жұмыс түрлері қолданылады.

Кездесу барысында университет ректоры Жанбол Октябрьұлы балаларға ұстаздық мамандыққа деген көзқарасын, қазіргі мұғалімнің бойында қандай қасиеттер болуы керектігі туралы айтып берді. Сонымен қатар, отансүйгіштік, өз елі мен жеріне адалдығы, оның тарихы мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншілігі мәселелері қозғалды.

- Соңғы уақытта мектеп түлектері арасында педагогикалық мамандықты таңдаушылар көбейді. Тағы бір қуантарлығы олардың сапасы да жоғарылады. Мысалы өткен жылдары біздің университетте 1-4 курс аралығында мектепті «Алтын белгімен» бітірген 77 оқушы білім алатын болса, осы оқу жылының басында ғана 100-дей «Алтын белгі» иегері оқуға түсті. Соған қарағанда қоғамдағы мұғалім мәртебесі көтерілген. Абай атамыз: «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді. Бұл өте жауапты мамандық. Сондықтан мұғалімдікке материалдық құндылықтар үшін емес жүрек қалаумен бару керек. Өйткені мұғалім мамандығы балаларға деген адалдық пен үлкен сүйіспеншілікті талап етеді, - деді Жанбол Жилбаев.

Ашық саюақтан кейін оқушылар университеттегі студенттік ұйымдардың жетекшілерімен кездесті. Белсенділер ұстаздық мамандықты қалай таңдағанын, университет қабырғасында білімге құштар жастар үшін қандай мүмкіндіктер жасалып жатқанын өз мысалдарымен жеткізді.