Перейти к содержимому страницы.

РЕКТОР АРДАГЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

09.09.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің ардагері, философия ғылымдарының докторы, профессор Кабиден Зағыпаров университетке арнайы келді. Педуниверситетте 40 жыл қызмет еткен ұлағатты ұстазды оқу орынның басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев және университеттің ақылдастар алқасы Бахтияр Найманов, Виктор Кольев, Мансия Алинова, Айгерім Нұрғалиева қарсы алып, құрмет көрсетті. Кабиден ақсақал өз кезегінде университет ұжымын және студенттерді биылғы 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, ақыл-кеңестерін айтты.

-Биыл университеттің 60 жылдық мерейтойына орай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Өзіңіз де байқаған боларсыз, ішкі және сыртқы бөліктерінде көптеген жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базасы толығып, жаңару үстінде. Биыл талапкерлерді қабылдау жақсы болды. Биыл университетке бакалавр дәрежесіне 580 грант, магистратураға 86 грант, докторантураға 9 грант бөлінді. Ал университет 30 балаға грант бөлді. Павлодар педагогикалық университетінің колледжіне де көп бала келді. Жалпы 460 бала қабылданды. Бүгнінгі күні колледжде 950 бала оқиды. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш, - деді Жанбол Октябрьұлы.

Кездесу барысында ардагер ұстаз Кабиден Фатқоллаұлы да университет ұжымына алғысын білдіріп, барша профессорлық-оқытушылық құрем мен студенттер қауымын биылғы 60 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Ректор Жанбол Жилбаев ардагерлермен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған өзекті міндеттерді талқылады. Жоғары оқу орнының аға буын өкілдері білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын білдірді.

Еске сала кетейік, Кабиден Фатқоллаұлы Зағыпаров Павлодар облысы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданының Жаңа Аттаныс ауылында дүниеге келген. 1953-1957 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ педагогика институтында білім алған. Павлодар педагогикалық университетінде 1973 жылдан бастап, 40 жылға жуық еңбек еткен, «Еңбек ардагері» медалінің иегері.