«ҚАСІРЕТ ПЕН ТАҒЗЫМ» АЙМАҚТЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
31.05.2022
Павлодар педагогикалық университетінде «Қасірет пен тағзым» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шара облыс әкімдігі мен «Ақжол» демократиялық партиясының қолдауымен және ППУ Гуманитарлық жоғары мектебінің (деканы – Анар Кәрімова) ұйымдастыруымен өтті. Конференцияға облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова, ППУ Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы және Торайғыров университеті мен Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары қатысты. Конференцияның модераторы – ППУ ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин.
- Бүгінде бүкіл ел болып Жаңа Қазақстан құрамыз деп ұрандатып жатырмыз. Бірақ ол жайдан жай келе салмайды. Алға қойған межелі жоспарымыз сөз жүзінде ғана қалмай, белгілеген межегет жету үшін көп еңбек етуіміз керек. Әсіресе, жастар қауымы ерекше белсенділік танытады деген сенімдеміз. Осы ретте бүгінгідей тарихи маңызы зор шаралар көп ұйымдастырылып, әрдайым өткенге көз жүгіртіп отыруымыз керек. Бүгінгі «Қасірет пен тағзым» аймақтық ғылыми-практикалық конференциясының мақсаты да сол деп білемін. Бұл саяси қуғын сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына да өз үлесін қосады. Сондықтан осы конференцияны ұйымдастырған Павлодар педагогикалық университетінің ұжымына алғыс білдіремін. Сонымен қатар, биыл бұл жоғары оқу орны мерейлі 60 жылыдғын қарсы алды. Баршаңызды осы мерейтоймен құтықтаймын, - деді Айзада Амангелдіқызы.
ППУ Тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлының сөзінше, осы жиында жарыққа шыққан материалдардың барлығы арнайы жинаққа енгізіледі.
- Осыдан екі жыл бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазықсыз жала жабылған Алаш азаматтарын ақтау мәселесін көтеріп, мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Бұл комиссияның мүшелері әр өңірде көптеген жұмыстар жүргізілуде. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бағытындағы зерттеу-зерделеу жұмыстарына Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары да белсенді қатысуда. Жақында ғана сол жұмыс тобының бірлесуімен жарыққа шыққан жинақтың тұсаукесері болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова қатысты, - деді Болат Құдайбергенұлы.
Конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Аманжолұлы ZOOM платформасы арқылы қатысып, баяндама жасады. Сонымен қатар, «Ақжол» партиясының облыстық филиалының төрағасы Фуат Сатыбев, тарих ғылымдарының кандидаты Алия Молдакимова, Торайғыров университетінің профессоры Айман Зейнуллина, Торайғыров университеті Е.Бекмаханов атындағы ғылыми практикалық орталығының директоры Амантай Құдабаев сынды ғалымдар қатысты. Осы күні облыстық мемлекеттік мұрағаттың қолдауымен кітап және мұрағаттық деректер көрмесі ұйымдастырылды.