Перейти к содержимому страницы.

ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҮНДЕСТІГІ: Shakarim University делегациясы Марғұлан университетінде

11.09.2025

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Shakarim University делегациясы қонақта болды. Делегацияны университет ректоры Думан Орынбеков бастап келді. Құрамында университет басшылығының өкілдері, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері мен факультет декандары бар.

Қонақтарды Марғұлан университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы өзі қарсы алды. Ол университеттің қызметі, стратегиялық бағыттары, ғылыми бастамалары және білім беру басымдықтары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Ректор оқу орнының басты философиялық қағидаларының бірі – құндылықтарға негізделген білім беру екенін атап өтті.

– Біздің университеттің ерекшелігі – студенттерді тек академиялық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан да дамытуға тырысатындығымызда. Біз тәрбиелік бағытқа үлкен мән береміз, – деді Ержан Әмірбекұлы. – Мақсатымыз – түлектеріміздің жан-жақты, адамгершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы. Әрине, бұл бірден нәтиже бермейді, бірақ біз дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдіміз.

Өз кезегінде Shakarim University ректоры Думан Орынбеков аймақтық университеттердің ынтымақтастығын кеңейтудің маңыздылығын атап өтті:

– Павлодар, Семей және Өскемен – еліміздің маңызды білім беру орталықтары. Сондықтан университеттер арасында тығыз байланыс орнату біз үшін өте маңызды. Біз осында жақынырақ танысуға, білім беру бағдарламаларын, ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын талқылауға келдік, – деді ол. – Тәжірибе алмасу ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізі болады деп сенемін.

Ресми бөлім дөңгелек үстел форматында өтті. Тараптар университет қызметінің негізгі бағыттарын талқылады. Қонақтар ерекше қызығушылықпен педагогикалық сыныптармен жұмыс тәжірибесімен танысты. Бұл туралы маркетинг және кәсіби бағдар беру департаментінің директоры Гүлнар Мусанова айтып, кәсіби бағдар жұмысының механизмдері мен болашақ педагогтарды даярлаудың үздіксіз траекториясын жан-жақты түсіндірді.

Одан кейін делегация университеттің оқу және ғылыми инфрақұрылымымен танысты. Студенттермен өзара әрекеттесу офисінің жетекшісі Мадина Құсманова оқу корпустарын аралау барысында студенттік бастамаларды дамытуға және жастарды қолдауға бағытталған GPI жүйесі жайында таныстырылым жасады.

Қонақтардың ерекше назарын Археологиялық зерттеулер институты аударды. Институт директоры Т. Смағұлов археология, тарих және мәдени мұраны сақтау саласындағы жобалар туралы мазмұнды экскурсия өткізді.

Сонымен қатар делегация мүшелері құрылымдық бөлімшелер жетекшілерімен жеке кездесулер өткізіп, байланыс орнатты және бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты нығайтуға және бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыруға дайын екендіктерін білдірді.

Сапар дәстүрлі түрде академик Әлкей Марғұлан бюсті жанындағы естелік фотосессиямен аяқталды.