ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ РЕСЕЙ ИМПЕРИЯСЫНЫҢ ЗАҢДАРЫ ТУРАЛЫ АШЫҚ ДӘРІС
24.10.2023
Тарих апталығы аясында гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепова «Қазақстан тарихы бойынша Ресей империясының заңнамасын шолу» тақырыбында дәріс оқыды. Аталған іс-шараға «Тарих» білім беру бағдарламасының студенттері, магистранттары және докторанттары қатысты.
Профессор өз сөзінде Ресей Империясының ресми заңнамасы жарияланған дереккөздерді ұсынды.
Қазақстан тарихы бойынша Ресей Империясының заңдарын тарихи дереккөз ретінде зерттеу Гүлфира Елубайқызы зерттеуінің басты тақырыбы болып табылады. Профессор оған 15 жылдан астам уақытын арнап, зерттеу барысында тарихымызға қатысты 2000-нан астам құжат анықтаған еді. Олар әкімшілік-аумақтық реформалардан бастап әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мәселелерді, салық салу мәселелерін және т. б. шешуге дейінгі қазақ қоғамы өмірінің барлық аспектілерін реттейді.
«Заңнамалық құжаттардың Қазақстан тарихын зерттеудегі маңызы зор, өйткені олар империяның қосылған аумақта жүргізілген ресми саясатының мәнін қадағалап, түсінуге көмектеседі. Олар басқа дереккөздермен бірге Қазақстан тарихына қатысты мәселелердің тұтас кешенін зерттеуге мүмкіндік береді», - деді Гүлфира Елубайқызы.