Перейти к содержимому страницы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті.

05.10.2023

Бүгін Астана қаласында Республикалық педагогтер съезі өтіп жатыр. Ауқымды жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та келіп, білім беру саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

- Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы "Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек" деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет, - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Съезге еліміздегі барша жоғары оқу орын ректорлары да қатысуда. Олардың қатарында Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев та бар.

Мемлекет басшысы білім мен жоғары білім саласын дамыту бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екенін атап өтіп, бірқатар ұсыныстар мен тапсырмалар берді.

"Жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан, бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. Біз білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамытуымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.