Қ.ЕРҒАЛИЕВ: «ӘР УНИВЕРСИТЕТТІҢ ӨЗ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БОЛУЫ КЕРЕК»
10.09.2022
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова Павлодар педагогикалық университетіне арнайы келіп, оқу орынның жатақханаларын, спорттық нысандарын және оқу корпустарын аралап көрді. Құрметті меймандарды университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қарсы алып, студенттерге сапалы білім беру бағытында қолға алынған жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Қонақтардың бірінші аялдамасы – Павлодар педагогикалық университетінің №5 оқу корпусы болды. Бұл университеттің үш бірдей жоғары мектебі орналақан ең негізгі оқу ғимараты болып саналады. Атап айтар болсақ, гуманитарлық, жаратылыстану және педагогика жоғары мектептерінің мамандықтары осы ғимаратта оқытылады. Мұнда алдымен физика білім беру бағдарламасының зертханасына кіріп, арнайы құрылғыларын тамашалады. Әсіресе, жылулық физика бойынша арнайы зерттеулер жүргізуге арнаған стенд ерекше қызықтырды. Жаратылыстану жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, физикака математика ғылымдарының кандидаты Айнұр Сейтханова физика білім беру бағдарламасының зертханалық жұмыстарын таныстырды.
- Физика білім беру бағдарламасының профессорлық-оқытушылық құрамы мемлекет тарапынан қаржыландырылатын ғылыми жобалар бойынша сайысқа қатысып, екі грант ұтып алды. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарын ары қарай дамытып өндірісте қолданылатын құбырлардың техникалық, экономикалық және төзімділік қасиеттерін арттыру бойынша ғылыми ізденістерін жалғастыруда. Оку жоспарына сәйкес барлық физика бөлімдері бойынша теориялық курспен қатар зертханалық жұмыстар қамтамасыз етілген. Білім бағдарламасы аясында «Жас ғалым - физик» үйірмесі жүргізілуде деді, - Айнұр Құсбекқызы.
Сондай-ақ, Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мұғалім Рафиқа Нұртазина атындағы кабинет пен жақында ғана ашылған Абай академиясының жұмыстарымен де танысты. Филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміреновтің сөзінше, бүгінгі таңда Абай шығармашылығының текстологиясын жасау жұмыстары қолға алынуда.
- Менің мамандығым араб-парсы тілі болғандықтан текстология мәселесін қолға алдым. Яғни, түсіндірме сөздіктер құрастырып жатырмыз. Сондай-ақ, студенттер мен магистранттарға Абайға қатысты тың тақырыптарды зерттеуге береміз. Еліміздегі басқа оқу орындардағы Абайтану орталықтарымен тығыз байланыс жасаймыз, бірлесіп әртүрлі шаралар өткіземіз. Алдағы уақытта осы орталықтармен бірлесіп ғылыми бағытта жұмыс жүргізуді қолға алдық, - деді Әділбек Дәуітбекұлы. Ал гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова унивеситетте Абай академиясының ашылуына белгілі абайтанушы ғалым, жерлесіміз Ғарифолла Есім ұйытқы болғанын атап өтті.
Вице министр Қ.Ерғалиев пен облыс әкімінің орынбасары А.Құрманова ППУ №2 студенттер үйінің тұрғындарымен де кездесіп, олардың тұрмыс-тіршіліктерін сұрады. Жалпы, бұл жатақхана «Студенттік баспана» мемлекеттік бағдарлама бойынша 2015 жылы бой көтерген. Жатақхананың ең басты ерекшелігі пәтер типінде болуы. Яғни, студенттерге барлық жайлы жағдай жасалған. Кездесу барысында студенттер өздерін үйде тұратындай жайлы сезінетінін жасырмады.
- Бір бөлмеде төрт студент бармыз. Жатақхана пәтер типінде болғандықтан өте жайлы. Жеке тоңазытқышымыз да, пешіміз де бар. Яғни, әр пәтердің жеке санитарлық және ас дайындау бөлмесі бар. Павлодар педагогикалық университетіне оқуға түскенімізге өкінбейміз. Студенттерге барлық жағдайды жасаған университет басшылығына алғысымыз шексіз, - дейді Гауһар есімді бірінші курс студенті.
Қонақтар осы күні педагогикалық зерттеулер орталығы жанынан инклюзивті кабинеттің ашылуына қатысты. Кабинет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды мектепке дайындауға, әлеуметтік және шығармашылық қызметке бейімдеуге арналған.
Қонақтар №2 студенттер үйінде университеттің белсенді жастарымен кездесті. Жастар саясаты департаментінің тәрбие бөлімінің маманы Жұматай Дариға жалпы тәрбие ісі жөніндегі жұмыстармен таныстырды.
- Бізде 14 студенттік ұйым және 8 шығармашылық клуб бар. Барлығымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Сонымен қатар, студенттік кеңес жұмыс істейді. Біздің белсенді студенттер арасында магистранттар да бар. Олар да өз белсенділіктерін көрсетуде, - деді Дариға.
Университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев өз сөзінде студенттердің 70 пайызы болашақта ұстаз болуды мақсат етіп ауылдан келген балалар екенін атап өтті.
- Біздің студенттер болашақ ұстаздар болғандықтан, тәлім-тәрбиелері өте жоғары. Олар қалалық, облыстық іс-шаралардың барлығына қатысады. Сонымен қатар, барлығы өз елін, жерін сүйген нағыз патриот жастар. Біздің ұлағатты ұстаздар да осы құндылыққа тәрбиелеуде. Ал түлектердің 80 пайызы облыс көлеміндегі білім беру мекемелеріне барады. Студенттер арасында қандай да бір тәртіп бұзушылықтар орын алмайды. Сондықтан, студенттерге айтар алғысымыз шексіз, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев те өзінің студенттік жолын мысалға келтіріп, ақыл-кеңестерін айтты.
-Өзім студент кезімде осындай ұйымдарды басқарған едім. Сондықтан, бұл саланың өзектілігін жақсы білемін. Ол кезде студенттік ұйымдардың мәселесі күрделі болатын. Ал қазір барлық жағдай жасалған, университет тарапынан қаражат бөлінеді. Жалпы, мұндай ұйымдардың мақсаты – күнделікті іс-шара өткізіп, көзге көріну емес. Әрбір қолға алған жұмыстың өзінің мақсаты және мағынасы барын ұмытпаңыздар. Яғни, әрбір университеттің өз құндылықтары болуы керек. Мысалы бір жобаны қолға алған кезде алдымен оның нәтижесі қандай болады, студенттерге қандай пайдасы тиеді дегенді ойлау қажет. Сонымен қатар, студенттер әрдайым бір-біріне көмекстесіп жүру қажет. Тағы бір ескертер жайт, мұндай көшбасшылық жұмыстарды қолға алған жастардың көздегені – мансап қуу болмауы керек. Ең басты мақсат – қатарыңдағы студентке бір пайдаңды тигізіп, болашақта елге адал еңбек ету мақсатын көздеңдер, - деді Қуаныш Асылханұлы.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев пен облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова Павлодар педагогикалық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен жиын өткізіп, ғылым және жоғары білім саласын дамыту жолдарын талқылады. Жиын басында қонақтар университет ұжымын биылғы 60 жылдық мерейтоймен құттықтады.
-Баршаңызды университеттің 60 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, мұндай 60 жылдық тарихы бар оқу ордасында қызмет етудің өзі үлкен мәртебе. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та жоғары білім саласына ерекше мән беруде. Биыл бұрынғы Білім және ғылым министрлігін екіге бөліп, Ғылым және жоғары білім министрлігін құруға бастамашы болды. Сонымен қатар, жақында ғана жариялаған Жолдауында ғылым және жоғары білім саласын дамыту жолында тапсырмалар берді. Сондықтан, мемлекет басшысы берген тапсырмаларды абыроймен атқаруға шақырамын, - деді Қуаныш Асылханұлы. Сонымен қатар, ұстаздар да білім-ғылым саласындағы кейбір мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында университет ректоры Жанбол Жилбаев құрметті меймандарға алғысын білдіріп, ел ертеңі, ұрпақ болашағы жолында атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.