Перейти к содержимому страницы.

ҚУАНЫШ СЫЙЛА: СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ

17.02.2023

Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенттері «Қуаныш сыйла» деген атаумен қайырымдылық жәрмеңкесін өткізді. Оған ППУ студенттік парламентіне қарасты барлық ұйымдар қатысып, мұқтаж жандарға қуаныш сыйлауға өз үлестерін қосты.
Жастар саясаты департаментінің тәрбие ісі жөніндегі бөлімінің маманы, студенттік парламент үйлестірушісі Дариға Жұматайдың сөзінше, жәрмеңкеден түскен қаржы толығымен қайырымдылыққа жұмсалады.

- Біздің студенттер мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, көмек көрсетуге әрдайым дайын. Бүгінгі «Қуаныш сыйла» қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаражатты балалар үйі мен қарттар үйінің тұрғындарына қажетті заттар алынады.Сонымен қатар, алдағы уақытта аталған мекемелерге барып, кішкентай бүлдіршіндер мен ата-әжелер үшін концерттік бағдарлама ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Дариға.

Жәрмеңке барысында студенттер өздерінің қолдан жасаған пирожки, бауырсақ, құймақ, кампот және тағы басқа дәмі тіл үйірер тағамдар арзанға сатылды.

-Барлық студенттік ұйымдармен бірге қайырымдылық жәрмеңкесіне қатыстық. Онда тәтті бәліштер, тоқаштар, шырындар дайындап саттық. Олардың сыртына "Жақсылық жасап жарысайық" деген сөз жазып, сатып алушыларға игі іс жасап жатқандарын білдіргіміз келді. Біздің дәмті тәтті-тоқаштарымызды алған студенттер мен ұстаздарымызға алғысымызды білдіреміз, - дейді ППУ студенті Айзада Сағидолла.