ПРОФЕССОР З.Ф.ЗАҒЫПАРОВТЫҢ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯ АШЫЛДЫ
21.06.2024
Марғұлан университетінде философия ғылымдарының кандидаты, оқу орнында ұзақ жыл қызмет етіп, ұлағатты ұстаз болған Зейнелқабиден (Қабиден) Зағыпаровтың атындағы аудитория ашылды. Шараға Университеттің басқарма төрағасы-ректордың міндетін атқарушы Жанбол Жилбаев қатысып, ғалымның университеттің қалыптасып, дамуы жолындағы ерен еңбегін атап өтті.
-Университеттің басқарма мүшелерімен ақылдаса отырып, Қабиден Фатқоллаұлының атына бір кабинет ашуды жөн санадық. Себебі, ол кісінің осы оқу орнына сіңірген еңбегі зор. Біз Қабиден ағаның үйіне жиі барып тұратынбыз. Ол кісімен шәй ішіп, әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді. Ағамыз үнемі институттың қалыптасуы мен даму тарихы туралы айтатын. Университет тариын дәл Қабиден Фатқоллаұлындай білетін адам аз. Сондықтан ағамыздың есімі біздің университет тарихында мәңгі сақталып қалады деп ойлаймын, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Сонымен қатар, Қабиден Фатқоллаұлының жұбайы Мастура Мухитқызы, үлкен күйеу баласы Данат Қабдешұлы, қызы Гүлбану Қабиденқызы, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы ҚБ төрағасы Гүлбарам Наурызбаева қатысып, жылы естеліктермен бөлісті.
- Біз бір шаңырақ астында 62 жыл бірге ғұмыр кешіп, 6 бала тәрбиелеп өсірдік. Екеуіміз кзінде бір мектепте оқыдық. Қабиден Фатқоллаұлы мектепте өте жақсы оқып, медальмен бітірген. Мектепті бітірген соң Алматыға барып жоғары білім алдық. Кейін Алланың жазуымен отау құрдық. Ал Марғұлан университеті – ұстаздар қара шаңырағы ол кісінің жарты ғұмырын арнап, маңдай терін төккен жер. Бүгін өзі өмірден өтіп жатса да еңбегін ескеріп, атына үлкен кабинет беріп жатыр екенсіздер. Отбасымыздың атынан университет ұжымына алғыс айтамын, - деді жұбайы Мастура Мұхитқызы.
Жиын соңында жиналған қауымға философия ғылымдарының кандидаты, профессор Зейнелқабиден (Қабиден) Фатқоллаұлы Зағыпаров туралы жарыққа шыққан жаңа кітап таратылды.
Зейнелқабиден Фатқоллаұлы Зағыпаров - 1935 жылы 5-желтоқсанда бұрынғы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданының Жаңа-Аттаныс ауылында дүниеге келіп, 2024 жылы 89 жасында өмірден озды. Ол ұстаздар қара шаңырағында 50 жылға жуық қызмет етіп, жарты ғұмырын ұстаздар ордасының қалыптасып, дамуына арнады. Қара шаңыраққа жарты ғасырға жуық ғұмырын арнаған қайраткердің ұстаздық жолында қалыптасқан тұлғалық феномені, салып кеткен сара жолы мен жүріп өткен дара жолын бүгінгі кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде.