Перейти к содержимому страницы.

ПРОФЕССОР ҚАБИДЕН ЗАҒЫПАРОВҚА МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ҚОЙЫЛДЫ

21.12.2024

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, Павлодар қаласының және Ақтоғай ауданының Құрметі азаматы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қабиден Зағыпаровтың дүниеден өткеніне бір жыл толды. Осыған байланысты ғалымның 1975-2024 аралығында тұрған үйінің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Қабиден Фатқоллаұлының ұрпақтары, жақын туыстары, әріптестері қатысты. Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожин, Марғұлан университеті стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Серік Ильясов сөз сөйлеп, профессордың білім-ғылым саласындағы еңбегіне тоқталды.

- Қабиден Фатқоллаұлы Марғұлан университетінде 47 жыл табысты еңбек етіп, соңына мол мұра қалдырды. Биыл профессордың атындағы жаңа аудитория ашылды және ғалымның өмірі мен қызметі туралы кітап жарыққа шықты. Бүгін марқұмның құрметіне қойылған мемориалды тақта ашылуда. Бұл - Марғұлан университеті үшін де, Қабиден атамыздың отбасы үшін де ерекше оқиға болып саналады. Біздің университет ұжымы және студенттері ол кісінің есімін ешқашан ұмытпайды, әрдайым құрметпен еске аламыз деді, - Серік Ильясов.

Сонымен қатар, Марғұлан университеті “Ақылдастар алқасының” төрағасы Бақтияр Найманов, Павлодар облысы кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбарам Наурызбаева және күйеу баласы Данат Нуркин осы іске бастамашы болған азаматтарға, Марғұлан университетінің ұжымына алғыстарын білдірді.