ПРОФЕССОР ГҮЛФИРА ӨТЕПОВА МЕРЕЙЛІ 60 ЖАСҚА ТОЛДЫ
02.06.2023
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Гүлфира Өтепова мерейлі 60 жасқа толды. Бүгін университетте ғалымның туған күніне арналған мерекелік шара өтті. Оған Марғұлан университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин қатысып, ректор Жанбол Жилбаевтың құттықтау хатын табыстады. Сонымен қатар, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко қатысып, мерейтой иесін құттықтады.
Гүлфира Елубайқызы 2004 жылдан бастап университетіміздің экономика, құқық және философия кафедрасының меңгерушісі, Тарих және Қазақстан халқы Ассамлеясы кафедрасының доценті, Тарих білім беру бағдарламасының профессоры қызметтерін атқарып келеді. Оның жоғары білім саласындағы еңбек жолы 30 жылды құрайтын болса, оның 19 жылын Марғұлан университетіне арнады. Осы уақыт аралығында ЖОО-ның өсіп өркендеуіне зор үлес қосты. Гүлфира Елубайқызы ұстаздықпен қатар ғылыми жұмыста үлкен жетістікке жетті.
Мен Гүлфира Елубайқызын көптен бері білемін. Ұзақ жыл бірге қызмет істеп, кандидаттық, докторлық диссертация қорғағанына куә болдық. Әріптесіміздің есімін еліміздің ғана емес шетелдің үлкен ғалымдары да жақсы біледі, еңбегін жоғары бағалайды. Енді алдағы уақытта да университеттің өркендеуіне өз үлесін қос береді деп сенемін, - деді ақылдастар алқасының төрағасы Бақтияр Найманов.
Мерекелік шара барысында мерейтой иесінің өзге қалалардағы және шетелдік әріптестері де байланысқа шығып, өздерінің құттықтау сәлемін жолдады. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Задаш Дүкенбаева, Аль-Фараби атындағы ҚҰУ-нің профессоры Ақмарал Ысқақ, Алтай мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Аркадий Контев, Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры Шайыркүл Батырбаева арнайы құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, мерекелік құттықтау шарасына жоғары мектеп декандары,гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушылары және Гүлфира Елубайқызының әріптестері мен шәкірттері қатысып, ақ тілектерін ақтарды.