Перейти к содержимому страницы.

ППУ СТУДЕНТІ ҚАЗАҚСТАН КУБОГЫНЫҢ ҮШ АЛТЫН МЕДАЛІН ЖЕҢІП АЛДЫ

23.11.2022

Павлодар педагогикалық университетінің Өнер және спорт жоғары мектебінің студенті Станислав Мочалкин қарашаның 15-і мен 20-сы аралығында Ақтөбеде паражүзуден өткен Қазақстан Республикасының кубогында бірден үш алтынды жеңіп алды.

Жарысқа Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар облыстары мен Астана қаласынан тірек-қимыл аппаратында ақауы бар жүзден астам спортшы қатысты.

Станислав бірден үш I орынды жеңіп алды: 50, одан кейін 100 метрлік еркін стильде және баттерфляй әдісімен 50 метр қашықтықта топ жарды. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады.

Жаттықтырушы Гүлмира Айғожинованың айтуынша, Станислав Польшада сәтті өнер көрсетіп, бірден Ақтөбеге аттанған. Бүгінде ол ерекше қажеттіліктері бар спортшыларға арналған спорт клубында жаттығады.
- Станислав - өте мақсатты спортшы, ол әрқашан жоғары талап қойып, тамаша нәтижелерге қол жеткізеді. Оның жүктемесі өте үлкен, күнде екі рет таңертең және кешке «Шымыр» бассейнінде жаттығуға қатысады. Сонымен қатар, ол Павлодар педагогикалық университетінде өте жақсы оқиды. Станислав спорттық олимпиадада табысқа жетіп, тамаша ұстаз, жаттықтырушы да болады деп сенемін, – дейді Гүлмира Зейноллақызы.

Станиславты, оның жаттықтырушысы мен ұстаздарын Қазақстан Республикасы Кубогындағы тамаша өнерімен құттықтаймыз және алдағы уақытта да спорттық жетістіктер мен жеңістер тілейміз!