ППУ СТУДЕНТІ МУАЙ-ТАЙДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
22.11.2022
Павлодар педагогикалық университеті мен М.Қанапиянов атындағы Жоғары педагогикалық колледжінің студенттері 15-22 қараша аралығында муай-тайдан Тайландта өтіп жатқан XVII әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Паттайя қаласында өткен дүбірлі додаға 26 команда барған. Жалпы әлемнің 70 елінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Қазақстан атынан 20-дан астам спортшы қатысты, оның 11-і Павлодар облысынан. Олардың қатарында ППУ студенттері Ыбырай Шыңғысхан, Абылай Дәулет, Жаманбай Диас және Жоғары педагогикалық колледж студенті Жұмагелді Санжар болды.
ДШжС-18 тобының студенті Жаманбай Диас II орынға ие болды. Ол Ресей спортшысын жеңгенімен, финалда Қырғызстан боксшысына жол берді. Колледж студенті Жұмагелді Санжар да жақсы ойын көрсетіп, III-орынға ие болды. ДШжС-32 тобының студенті Ыбырай Шыңғысхан І орын иеленіп, әлем чемпионы атанды. Финалда француз спортшысымен жұдырықтасты. Ол қарсыласын соңғы секундта нокаутқа түсірді. Ұйымдастырушылар Шыңғысханға «Үздік жекпе-жек үшін» белбеуін табыс етті.
Дарынды спортшылар «Бірлік» жекпе-жек спорт клубында ҚР еңбек сіңірген муай-тай жаттықтырушысы Марат Сағындықұлы Смағұлов пен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дамир Равильевич Фатхутдинов жаттықтырады.
Айта кетейік, бұл күндері Тайланд үкіметінің қолдауымен әлем чемпионатымен бірге Паттайяда тай өнерінің фестивалі мен муай-тай конференциясы да өтті.