ППУ ПРОФЕССОРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІТАНУШЫЛАР КОНГРЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ
28.11.2022
Жақында Түркістан қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ ұйымдарының қолдауымен халықаралық түркітанушылар конгресі өткен болатын. Аталған шара ұлт ұстазы мерейтойының қорытындысы ретінде ұйымдастырылғандықтан оған ҚР Президентінің кеңесшісі, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы, Халықаралық Түркі академиясының президенті, отандық және шетелдік алаштанушы, түркітанушы ғалымдар шақырылған болатын.
Осы шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің шақыртуымен Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов қатысты. Алаштанушы әрі түркітанушы ғалым ретінде Сейфитден Назымбекұлы «Ахмет Байтұрсынұлы және түркі халықтарының әдебиеті: тарихи-идеялық сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады.