Перейти к содержимому страницы.

ППУ ОҚЫТУШЫЛАРЫ «ПЕДАГОГ 4.0 КӘСІБИ СТАНДАРТЫ» ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАДЫ

18.10.2022

Павлодар педагогикалық университетінің оқытушылары «Педагог 4.0 кәсіби стандарты» жобасын талқылады. Шараға Павлодар облысы бойынша «Өрлеу» кәсіби біліктілігін арттыру орталығының директоры Роза Әшімбетова қатысып, аталған стандартта көрсетілген талаптарды түсіндірді.

Спикердің сөзінше, жоба әлі қабылданған жоқ. Яғни, қоғамға талқылауға жіберілген.Сондықтан, әртүрлі мектеп және жоғары оқу орындарының ұстаздарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауда.

- Мұндай кәсіби стандарт осыдан бес жыл бұрын қабылданған. Бірақ ол жалпылама еді. Ал қазіргісі нақтыланған. Яғни, педагогтардың әртүрлі санаттарына қандай талап қойылатыны талданып жазылған. Атап айтқанда, мұғалімдер тәрбие саласында не істеу керек, оқытуда қандай әдістерді қолданған жөн, әдістемелік және зерттеу жұмыстары қалай жүргізіледі деген секілді мәселелер нақты көрсетілген. Сондықтан, бұл стандартты педагог саласының негізгі құжаты деп атауға болады, - деді Роза Әшімбетова.

Егер, жоба жүзеге асырылып жатса ұстаздар қауымының негізгі міндеттері айқындалып, олардың басы артық шаруаларға байланбауына сеп болады. Сондықтан, жоғары оқу орын оқытушылары да бірауыздан қолдап отыр. Кездесу барысында ППУ оқытушылары өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жаңа стандарт жөнінде пікірлерін ортаға салды.