ППУ ОҚЫТУШЫЛАРЫ КӘСІБИ БАҒДАР БЕРУ КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗДІ
18.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінің оқытушылары Екібастұз қаласы мен Шарбақты ауданы мектептерінің оқушыларымен және ұстаздарымен кездесті. Мақсаты – 9-11 сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру.
Мәселен, Екібастұз қаласы Солнечный ауылындағы №25 Абай атындағы орта мектепте гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті, ф.ғ.к. Сабданбекова З.А., Педагогика жоғары мектебінің оқытушысы, п.ғ.к. Утилова А.М., Қосымша білім беру институтының әдіскері Баязитова К.Т. «Абайтану» орталығының ұстаздарымен кездесті. Отырыс нәтижесінде бірлескен әдістемелік семинарлар мен курстар өткізу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Павлодар педагогикалық университеті жанындағы Абай академиясының ұжымы ай сайын мектеп оқушыларының университет ғалымдарымен кездесуін ұйымдастыруды көздеп отыр.
Шарбақты ауылында Өнер және спорт жоғары мектебінің оқытушылары Дәулетова И.Г., Садықов М.Р. ағашпен жұмыс жасау бойынша шеберлік сыныптарын ұйымдастырып, технологиялар туралы әңгімелеп, «Көркем еңбек» мамандығы студенттерінің қолдарымен дайындаған бұйымдарын көрсетті. Студенттердің қолынан шыққан қолданбалы өнер бұйымдары мектеп оқушыларының үлкен қызығушылығын тудырды.
Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Мұсанованың айтуынша, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмыстары мұғалімдермен бірлесе жалғасатын болады.
- Аудандардың білім бөлімдерімен бірлескен іс-шаралар жоспары жасалады. Біз бұл жұмысты оқушыларға болашақ мамандығын таңдау барысында кәсіптік бағдар беру мақсатында жүргізіп жатырмыз, – дейді Гүлнар Манатқызы.