ППУ ҒАЛЫМЫНЫҢ ТАРИХИ ЕҢБЕГІ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
28.09.2022
Павлодар педагогикалық университетінің тарих мамандығы бойынша білім алушылар үшін жақсы жаңалық. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Г.Е.Өтепованың «Законодательные акты Российской империи по Истории Казахстана (начало ХХ века)» атты жаңа жинағы жарық көрді. Жаңа кітаптың тұсаукесеріне гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Кәрімова және тарих білім беру бағдарламасының оқытушылары мен студенттері қатысып, авторға алғысын білдірді.
- Әрбір ғалым өзінің білім беру бағдарламасы бойынша, өзі таңдаған бағыты бойынша ізденуі керек. Сол секілді әрбір білім алушы да өзіне берілген тапсырмамен ғана шектелмей ғылымға бет бұрса үлкен мүмкіндіктер туары анық. Бүгінгі кітаптың авторы Гүлфира Елубайқызы біздің үздік оқытушыларымыздың бірі. Бүгін жаңа жинағы жарыққа шығып, ұзақ жылғы ізденісінің нәтижесін көріп отыр, құттықтаймыз, - деді Анар Еркенқызы.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлфира Өтепова өз сөзінде бұл еңбектің көп жылғы зерттеудің нәтижесінде келгенін атап өтті. Яғни, Қазақстан және Ресей мұрағаттарын ақтарып, өте құнды материалдарға қол жеткізген. Жинақты жарыққа шығаруға 17 жыл уақытын арнаған.
- Мен 2005 жылдан бастап Ресей империясының заң деректерін зерттеумен айнылыстым. Сол уақыттан бері Мәскеудің бүкіл архивтерін ақтардым десем болады. Сонымен қатар, Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік архивінде жұмыс істедім. Міне, сол еңбегімнің нәтижесін көріп отырмыз. Қолдау көрсеткен барша әріптестеріме алғыс білдіремін, - деді Гүлфира Елубайқызы.