ППУ-ДА ТІЛ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ
03.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінде 3-10 қазан аралығында «Ұлыларға тағзым» атты қазақ тілі апталығы өтеді. Аптылық ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына арналған. Мақсаты – аталған қаламгерлердің мол мұрасымен кеңінен танысу, қазақтың ұлы тұлғаларының өмір жолын, шығармаларын жастарға үлгі ету. Сондай-ақ, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту. Шара ППУ гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Қазақ тілі және әдебиеті білім беру бағдарламасының оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Жұлдыз Қайратқызының сөзінше, апталық барысында әртүрлі іс-шаралар жоспарланған. Мысалы, А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақ тілі мен әдебиеті» ББ профессор-ғалымдарының қатысуымен дөңгелек үстел, ППУ 60 жыл мерейтойына орай «Тілдер күні» мерекесіне арналған университетішілік ақындар мүшайрасы, М.Әуезовтің шығармалары бойынша Павлодар орталықтандырылған кітапханасымен бірлескен «Кешкі кітапхана» шарасы өтеді деп жоспарланған.
- Апталық барысында «Еркін микрофон» шарасы басталды. Онда университеттің кез-келген қызметкері немесе студенті өзінің таңдаған бір шығармасын оқып, алған әсерімен бөлісуі керек. Мұндағы мақсатымыз – халықты кітап оқуға шақыру, халық ауыз әдебиетін кеңінен насихаттау. Себебі жазушылардың әдеби шығармасын тек тіл мамандары немесе, ақындар мен жазушылар ғана емес, кез-келген адам тұщына оқи білуі керек. Яғни, әдебиет белгілі бір ортаға ғана емес, бүкіл қоғамға арналғанын түсіндіру, - дейді Жұлдыз Қайратқызы.