Перейти к содержимому страницы.

ППУ-ДА «OPEN DAY» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

17.11.2022

Павлодар педагогикалық университетіне Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі М.Әуезов орта мектебінің «Педагогикалық сынып» оқушылары келіп, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесті. ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев биыл университетке 60 жыл толғанын атап өтіп, осы мерейлі дата қарсаңында арнайы келген мектеп ұжымына және оқушыларға алғысын білдірді. Ал мектеп директоры Самал Мәжитова мектеп жанынан өткен жылы ашылған «Педагогикалық сыныптың» мақсаты мен міндетін және бүгінгі оқушылар үшін маңыздылығын түсіндірді.

- Майқайың орта мектебінің оқушыларымен алғаш рет кездесіп отырмыз. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезовтың атын иеленген білім ордасының жетістіктері мен оқу көрсеткіші жоғары екенін байқап отырмыз. Бүгін бізге мектептің «Педагогикалық сынып» оқушылары келіп отыр екен. Болашақта өздері таңдаған педагогикалық саласын таңдап, мұғалім болады деп сенеміз. Ал біздің университетке келер болсақ, биыл 1 желтоқсанда оқу орнының ашылғанына 60 жыл толады. Сонымен қатар, осы жылы белгілі ғалым, археолог Әлкей Марғұланның есімі берілді. Бүгінгі таңда Павлодар өңірі ұстаздарының 80 пайызы біздің университеттің түлектері. Биылдың өзінде оңтүстіктен, батыстан көптеген талапкерлер келіп түсті, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі М.Әуезов орта мектебінің директоры Самал Мәжитованың сөзінше, өткен жылы мектеп жанынан «Педагогикалық сынып» ашылып, оған 7-сыныптан жоғарғы жастағы оқушылар қабылданған. Мақсаты – оқушыларға кәсіби бағдар беру, төменгі сыныптан бастап педагогика саласының қыр-сырын түсіндіру.

- Біздің осы жобамызды қолдап, оқушыларымызды жоғары оқу орын ұжымымен кездесуге қабылдаған университет басшылығына алғыс білдіремін. «Педагогикалық сынып» қатарында 7-11 сынып аралығындағы 50-дей оқушы бар. Яғни, 7 сыныптан бастап оқушыларды мұғалімдікке тәрбиелейміз. Бұл орталыққа болашақта мұғалім болуды шынымен армандаған, жүректерімен қалаған балалар ғана қабылданды. Олар да қазірден бастап, алдарына үлкен мақсат қоя бастайды. Себебі қазір мектепті бітіре салып, басқа таңдағаны болмағандықтан мұғалімдікке келе салатын заман өтті, - деді Самал Сақтасынқызы.

Мектеп оқушылары түстен кейін университеттің оқу корпустарын аралап көріп, арнайы пәндер бойынша сабаққа қатысып, университет оқытушыларының дәрісін тыңдады. Сонымен қатар, №5 корпустың мәжіліс залында қонақтарға арнайы әзірлеген концертті тамашалады.