ППУ-ДА ЖАЙДАРМАНШЫЛАРДЫҢ МАУСЫМАШАР ОЙЫНЫ ӨТТІ
11.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінде «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының маусымашар ойыны өтті. Әзілкештердің осы маусымдағы алғашқы сайысына 7 команда қатысты. Павлодар педагогикалық университетінің намысын үш команда қорғады. Олар «ФКС құрамасы», «Made in Чехов» және «Стипендия» командалары.
КВН ойыны ППУ жастар саясаты департаментінің студенттік филармониясының және «Жайдарман» үйірмесінің жетекшісі Ілияс Қоңыратбаевтың ұйымдастыруымен өтті. Қазылар алқасының мүшесі Абзал Абдоллаевтың сөзінше, жақын уақытта облыс жеңімпаздарын анықтайтын негізгі ойындар басталып, жеңілген командалар қатардан шығып отырады.
- Бұл ойынның мақсаты- командалардың алдағы ойындарға деген дайындығын байқау және шыңдау. Командалар жақсы дайындықпен келіпті. Соның ішінде «Стипендия» және Білім инновация лицейі командаларының әзілдері өтімді болды, - дейді Абзал Абдоллаев.
Еске салайық, «Made in Чехов» командасы қазіргі таңда «Жайдарманның» премьер-лигасының финалына өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта Алматы қаласы жоғарғы лигасының жартылай финалында өнер көрсетеді.
КТК шығармашылық ұжымдарын дайындаумен ППУ-ның Жастар саясаты мәселелері департаментіне қарасты Студенттік филармониясы «Жайдарман» клубының жетекшісі Ілияс Қоңыратбаев айналысады. Егізі Олжас Қоңыратбаевпен бірге «ПЖҚ» командасы құрамасында олар Республикалық «Жайдарман» және КВН Жоғарғы лигасының чемпиондары, көптеген арнайы жобалардың қатысушысы, «КиВиН-2016» және «КиВиН-2017» КВН халықаралық фестивалінің лауреаттары.