Перейти к содержимому страницы.

ППУ-ДА ИНТЕГРАЛДЫ GPA БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

25.11.2022

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті цифрландыру орталығының өкілдері 1 курс студенттерімен кездесіп, GPA интегралды платформасын түсіндіру жұмысын жүргізді. Орталық әзірлеген платформада интегралды орташа баллды анықтау үшін студенттердің жеке кабинетінде оқу жетістіктерінің кешенді портфолиосы қалыптасады.

Цифрландыру орталығының директоры Марат Рахымбаев студенттің жеке кабинетінде оқу жетістіктерінің портфолиосын қалай жинау керектігін, интегралды GPA қалыптастыру үшін ғылыми және әлеуметтік құзыреттіліктерді растайтын деректерді қалай енгізу керектігін көрсетті.

Цифрландыру орталығының маманы Гүлмира Зейнелкабиденқызы Жүсіпова студенттерге «Платон» ААЖ-да GPA қалай бақылауға болатынын түсіндірді. Сондай-ақ, студенттердің оқу жетістіктері бағаланатын формулалар мен критерийлер көрсетілді, университет тарапынан ғылыми-зерттеу және әлеуметтік-бағдарланған қызметті ынталандыру бойынша қандай іс-шаралар қолданылатыны айтылды.

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директорыт Әлия Амангелдіқызы Жакиенованың айтуынша, биыл университет Ғылым және жоғары білім министрлігінің интегралды GPA (IGPA) енгізу бойынша пилоттық жобасына қатысуда. Бұл жобаның мақсаты – білімге негізделген экономика құруға қатысатын, ғылыми-зерттеушілікке бейім, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі жоғары тұлғаны қалыптастыру.

-Интегралды GPA оқушының оқу жетістіктерінің қол жеткізілген деңгейін, ғылыми-зерттеу қызметіне бейімділігін және әлеуметтік құзыреттіліктерінің даму дәрежесін көрсетеді. Интегралды GPA-ның негізгі құрамдас бөлігі – студенттің үлгерімі, оның оқудағы жетістіктері, - деп атап өтті Әлия Амангелдіқызы.

Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры Алмагүл Жаяққызы Асайынова IRos – зерттеу құзыреттіліктері туралы айтты. Ғылыми-зерттеу құзыреттері ғылыми-педагогикалық мәселелерді шешу үшін сыни ойлау мен шығармашылықты дамытатын ғылыми зерттеулер мен стартаптарды – жобаларды жүргізуді қамтиды.

Студенттің ғылыми жетістіктерін бағалау ғылыми-зерттеу кезінде ғылыми үйірмелерге қатысу, семинарлар мен ашық дәрістерге қатысу, ғылыми іс-шараларды ұйымдастыру сияқты критерийлер бойынша бағаланады.

Жастар саясаты мәселелері департаментінің маманы Дариға Құралқызы Жұматай SSCI – әлеуметтік құзыреттілік туралы айтты. SSCI студенттің әлеуметтік құзыреттілігін, оның қоғамдық істердегі, студенттердің өзін-өзі басқару органдарындағы белсенділігін анықтайды. Тұлғаның әлеуметтік құзіреттілігі – адамның бейімделуіне, қазіргі қоғамда конструктивті өзара әрекеттесуіне, кәсіби мәселелерді өнімді шешуге және әртүрлі әлеуметтік рөлдерді атқаруға мүмкіндік беретін тұлғаның интегративті қасиеті.

Студенттердің қоғамдық қызметінің негізгі нысандары мен түрлеріне волонтерлік қызмет, университеттің, қаланың, елдің қоғамдық өміріндегі жетістіктері, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттағы жетістіктері жатады. Сонымен қатар, студенттердің өзін-өзі басқару органдарын ұйымдастыру және оларға жетекші ретінде қатысу, әлеуметтік және шығармашылық жобаларға қатысу, университетте және одан тыс жерлерде дебат қозғалысын танымал ету ескеріледі.

Кездесу барысында бірінші курс студенттері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Интегралды GPA қалыптастыру платформасы ашық, студенттер портфолиоларын толтыра бастайды.