ППУ 60 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ КІТАПТАР СЕРИЯСЫ ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
05.12.2022
Бүгін Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің 60 жылдық мерейтойы аясында бірнеше маңызды іс-шара өтті. Соның бірі – осыдан 5 жыл бұрын басталған «Өнегелі тұлғалар» атты кітаптар сериясының кезекті жинағының тұсаукесері. Бірінші серияда 11 тұлғаға арналған кітаптар жарық көрген болса, осы жолы 6 ғалым туралы жеке жинақ шықты. Сонымен қатар, мерейтойға сыйлық ретінде университет тарихы туралы «60 жылдық тарих белестері» еңбегі оқырман қауымға жол тартты. Жаңа кітаптарды оқырманға таныстыру шарасына ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, тұсаукесер рәсімін орындады.
Биылғы кітаптар сериясы филология ғылымдарының кандидаты Ермек Өтебайұлына, биология ғылымдарының кандидаты Тілеубек Рымжановқа, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әйгерім Нұрғалиеваға, шетелдік лингвистермен бір қатарда есімі аталып жүрген филология ғылымдарының докторы, профессор Зифа Теміргазинаға, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Усинге және Павлодар педагогикалық институтының түлегі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Назымгүл Әсеноваға арналды.
- Құрметті қонрақтар! Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде 60 жылдық мерейтойымызға орай көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі - университет туралы жазылған «60 жылдық тарих белестері» кітабының таныстырылымы. Бұл оқу орнымыз туралы жарық көрген төртінші кітап. Одан бөлек, университеттің дамуына үлес қосқан профессор-оқытушылар туралы алты кітап дайын болды. Мен осы оқу ордасында білім алған түлегі ретінде және көп жыл еңбек еткен ұстаз ретінде осы қатардан табылғаныма өте қуаныштымын, - деді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әйгерім Нұрғалиева.
Жаңа кітптардың тұсаукесері аясында тоқсаныншы жылдары осы оқу орнында қазақ тілі және әдебиеті кафедрасын ашқан Ермек Өтебайұлының ұрпақтары бір студентке тегін оқуға грант сертификатын табыстады.