ППУ ҰСТАЗДАРЫ МАРАПТТАЛДЫ
29.09.2022
Қазан айының бірінші жексенбісі жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беретін ұлағатты ұстазлар үшін ерекше күн. Бұл – олардың жылына бір келетін кәсіби мерекесі. Осы мерекеге орай бүгін облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығында Павлодар педагогикалық университетінің ұстаздарына арналған салтанатты шара өтті. Оған ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, барша әріптестерін мерекемен құттықтады.
- Құрметті ұлағатты ұстаздар! Баршаларыңызды келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» — деген ұлы Абай бабамыз. Сіздер жас ұрпақтың санасына сіңірген тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге өлшеусіз. Ертіс-Баян өңіріндегі ұстаздар ордасы саналатын Павлодар педагогикалық университеті 60 жыл ішінде 40 мыңнан астап педагог мамандарды даярлады. Осы уақыт аралығында талай талапкердің талабын шыңдап, болашаққа бағыт-бағдар беріп, өмірлік жолын айқындады. Оқу ордамыз осы қарқыннан танбай алға қарай қадам басатынына бек сенімдімін. Оған сіздердің қосатын үлестеріңіз орасан зор. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбектеріңізді ескере отырып, Сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыстар мен абыройлы істеріңізге толағай табыс тілеймін, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Сонымен қатар, оқу ордасының басшысы университеттің білім және тәрбие сапасының өрлеуіне өзіндік үлес қосқан, бәсекеге қабылетті және еңбек нарығында сұранысқа ие педагог кадрларын даярлау жолында адал еңбек етіп жүрген қызметкерлер ППУ ректорының Құрмет грамотасымен марапатталды. Олардың қатарында ППУ гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің доценті Нағима Ахтаева да бар.
- Қазақтың көректі ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген екен.Әлбетте бұдан ұстаздар қауымының мәртебесі әрдайым жоғары екенін аңғаруға болады. Әрине, ұлағатты ұстаздарға жүктелген міндет пен артылған сенім де зор. Сондықтан, барша ұстаздар қауымын алдағы кәсіби мерекемен құттықтай отырып, еңбектеріне жеміс, шығармашылық табыс тілеймін, - деді Нағима Қабдрашитқызы.
Салтанатты шара марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерпен жалғасын тапты. Өңірімізге белгілі әнші Серік Рысбек барша ұстаздар қауымы үшін «Ұстазым-ақылшы дос,ой арманым» әнін шырқады. Сонымен қатар, Айгүл Жұмағулова , Салтанат Қисатова, Ақерке Айбекқызы, Салтанат Өтемісова, Замира Макарова сынды жергілікті өнерпаздар мен «Самғау», «Аманат» топтары ән мен күйден шашу шашты. Павлодар педагогикалық университетінің түлегі, жас әнші Оразбек Бақытхан аз уақытта бүкіл ұстаздардың ұранына айналған «Жас ұстаздар ұраны» әнін тарту етті. Барша ұлағатты ұстаздар қауымын мерекемен құттықтаймыз!