ППУ ТҮЛЕКТЕРІ ОҚУҒА КӨЗҚАРАСТАРЫН БІЛДІРУДЕ
23.02.2021
Жоғары оқу орнының табысы – оның түлектерінің жетістіктерімен бағаланады. Қабылдау науқанының аясында ППУ түлектері университетте алған білімдері мен тәжірибесімен бөлісуде.
Абылгазинов Бекен Нурланович, «Информатика» білім беру бағдарламасының 2 курс магистранты
Павлодар педагогикалық университетіне 2015 жылы оқуға түстім. Бакалавр дәрежесін алғаннан кейін оқуымды әрі қарай осы жерде магистратурада жалғастырмақ болдым. Қазір «Информатика» білім бағдарламасының 2 курс магистрантымын. Студенттік шағым университет қабырғасында қас қағым мезетте өте шықты. Сабақтан сессия, сессиядан сабақ алмасып, оқуды қалай бітіргенімізді де білмей қалдық. Әр түрлі мерекелік шараларға, концерттерге көптеп қатысатынбыз, студенттік өміріміз қызықты да мол өтті. Достарым, жақсы таныстарым да көп болды, білімді де талантты жастардың арасында тәжірибелі, білікті ұстаздардан үйреніп өстік. Болашақта бәсекеге қабілетті, білімімнің заман талабына сай екендігіне, дұрыс таңдау жасап, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие маман болатыныма еш уақытта күмән келтірген емеспін.
Студенттердің нәтижелі де сапалы білім алуына университетте барлық жағдай қарастырылған, жоғары оқу орнының ғылыми-техникалық базасы да жақсы жабдықталған. Университетте дәріс оқуға шетелден де профессорлар, білікті мамандар жиі келіп тұрады. Сол жылдары жоғары оқу орнымызда американдық оқытушы Дэнг Дуонг бізге сабақ берді. Бағыма қарай, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бір семестр Еуропада білім алу мүмкіндігіне ие болдым.
Павлодар педагогикалық университетінде жинақтаған тәжірибем мен білімім педагогикалық салада көп пайдасын тигізді деген ойдамын. 4 жыл оқып, университетті бітіргеннен кейін өзімді кәсіпкерлік салада сынап көруге бел будым, сөйтіп шағын ағылшын тілін оқыту орталығын аштым. Кәсіппен қатар, Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінде сабақ беремін.
Оқу ордамызда бізге заман талабына лайықты, сапалы білім беріп қана қоймай, өмір жолына тәрбиелеген барлық профессорлық-оқытушылық құрамына, мұғалімдеріме үлкен алғысымды білдіремін!
ППУ Баспасөз қызметі