Перейти к содержимому страницы.

ППУ студенттері Мәшһүр Жүсіп кесенесіне барып қайтты

18.05.2021

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Қазақстанның киелі географиясы» жобасына орай еліміздің тарихи-мәдени, қасиетті орындарын насихаттап, елде туризм индустриясын дамытуды басты мақсат еткен болатын. Осы орайда, Павлодар педагогикалық университеті көптеген жұмыстар жүргізуде. Соның бірі күні кеше университет басшылығының қолдауымен Павлодар облысының киелі мекені саналатын Баянауыл ауданындағы Мәшһүр бабамыздың басына 1-3 курс студенттерін апарып, танымдық саяхат ұйымдастырылды.

Биыл Мәшһүр Жүсіп кесенесінің көтерілгеніне – 15 жыл. «Жетпіс үшке келгенше балталасаң да өлмеймін, жетпіс үштен асқан соң майға бөлеп қойсаң да әрі өмір сүрмеймін» деп дәл елу жасында өзінің бұл фәниден қашан кететінін болжаған ғұлама, данагөй тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі өмірінің соңғы тұрағы болған жер Баянауылдағы «Ескелді» қыстауында орналасқан. 

Кесененің биіктігі 14 метр. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытас пен сандықтас мәрмәр тастан жасалған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған. Мәшһүр бабамыз 1931 жылдың күз айында дүние салды. 21 жыл бұзылмай жатқан ақынның денесі 1952 жылы жерге көміліп, зираты қиратылды. 2006 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің мұрындық болуымен кесене қайта жаңартылып, бой көтерді. Кесенеге бабаның жасын айғақтайтын 73 баспалдақпен көтерілуге болады. Баспалдақтың екі жағындағы тақтай тастарға ғұламаның өсиет сөздерінен, өлеңдерінен үзінділер жазылып қойылған.

Осының бәрін көріп, оқып, тамашалап жүрген ППУ студенттерінің көбі «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан Оңтүстік өңірлерден келген балалар болатын. Сондықтан олар үшін бұл саяхаттың орны тіптен бөлек.

- Мен Түркістан облысы Жетісай ауданынан келдім. Алдымен бүгінгідей маңызды іс-шараны ұйымдастырған ППУ басшылығына ризашылығымыз шексіз. Жалпы иісі қазақ мұсылман болғандықтан Мәшһүр атамыздың басына келіп, құран оқытып, кесенесін көріп, керемет әсер алдық. Еңбектері мен өмір жолымен танысып, өте үлкен мағлұмат алдық, - дейді 1 курс студенті Базылбек Жұматай.

Кесене жанында Мәшһүр атамыздың өмір жолынан сыр шертетін мұражай кешені орналасқан. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары да білім-ғылым жолында. Олардың ішінде жоғары оқу орнында дәріс беріп жүрген ұстаздар, ғылым докторлары бар. Мәшһүр атамыздың немересі Қажымұқан ағамыз мұражай ішіндегі құнды жәдігерлермен, атамыздың тұтынған заттары мен еңбектерімен таныстырды.

Бүгінгі саяхатқа өте ризамыз. Мәшһүр атамыздың кесенесін, мұражайын көріп, керемет әсер алдық. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған университет ұстаздарына алғысымыз шексіз, - дейді Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатайдан келіп, «Серпін» бағдарламасымен білім алушы студент Хасенбаева Әлия.

Шынында да оқу мен тәрбиені қатар ұштастырып, болашақ ұстаздарға жан-жақты білім беру – Павлодар педагогикалық университетінің басты ұстанымы, көп жылдық тәжірибесінің жемісі деуге болады.  

komandirovka

komandirovka2

komandirovka3

komandirovka4

komandirovka5

komandirovka6

komandirovka7

Баспасөз қызметінің басшысы Г. Иманғазы