ППУ РЕКТОРЫ АРДАГЕРЛЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ
30.09.2022
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев және кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жаева университетке еңбегі сіңген ардагер ұстаздардың үйіне барып, кәсіби мерекесімен құттықтады. Мерекелік құттықтау ардагер ұстаз Лилия Базарбекованың шаңырағынан басталды. Ол 1964-1996 жылдары аралығында бастауыш білім беру әдістемесі кафедрасында оқытушылық қызметін атқарған. Жалпы еңбек өтілі – 32 жыл. «Еңбек ардагері», «Халық ағарту ісінің үздігі» медальдарының иегері. Мерекемен құттықтай барған ұжым өкілдерін ерекше ықыласпен қарсы алып, алғысын білдірді. Одан кейін Марина Сағидуллина және Қизат Сағидуллинаның шаңырағына арнайы барып, құттықтау лебізін білдіріп, мерекелік сый-сияпаттар табыс етті.
- Мен ғұмырымның көп уақытынПавлодар педагогикалық институтына арнаған жанмын. 1963-1994 жылдары аралығында жұмыс істедім. Яғни, оқу бөлімінің хатшысы, тарих және филология факультетінің хатшысы, қазақ тілі және орыс тілі филологиясы факультеттерінің аға лабаранты қызметтерін атқардым. Сондықтан, бұл оқу ордасы мен үшін ыстық. Әрдайым тілектестік білдіріп отырамын. Университеттің барша ұстаздары мен студенттерін ұстаздар күні мерекесімен құттықтаймын. Қызметтеріңіз жемісті болсын, шығармашылық табыс тілеймін. Бүгін арнайы келіп, кәсбіи мереке қарсаңында құрмет көрсеткендеріңіз үшін шын жүректен алғыс білдіремін, - деді Қизат Нұрғұмарқызы.
Университет басшысы осы оқу ордасына 44 жылын арнаған ұлағатты ұстаздардың бірі Вера Омарованың шаңырағында болып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Ол педагогика кафедрасында 1976-2020 жылдары аралығында жұмыс істеп, профессор дәрежесінде еңбек демалысына шыққан.
- Құрметті ардагер ұстаздар, сіздерді кәсіби мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Бүгінгі таңда Павлодар педагогикалық университетінде 100-ден астам ардагер бар. Университеттің өсіп-өркендеуі жолында атқарған еңбектеріңіз үшін барлығыңызға ерекше алғысымызды білдіреміз. Биыл университет үшін ерекше жыл. Бүгінде университетте 5,5 мың студент білім алады. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Биыл 60 жылдық мерейтойымызды атап өтудеміз. Сонымен қатар, оқу ордасына көрнекті ғалым Әлкей Марғұланның есімі берілді, жақында үкіметтің қаулысы шығады. Міне, осы секілді жағымды жаңалықтарымыз көп. Бұл жерде сіздердің де еңбектеріңіз зор, - деді Жанбол Октябрьұлы.