ППУ-ДА РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
22.10.2022
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде 25 қазан-Республика күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, университеттің білім сапасының өрлеуіне зор үлес қосып жүрген үздік қызметкерлерді марапаттады.
- Баршаларыңызды республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. 2022 жылдың 16 шілдесінде болған Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Ендеше, аталмыш мерекені қастерлеп, кейінгі ұрпаққа табыстау, қазіргі жастардың қолында. Елдігімізді айқындайтын Ұлттық мерекеде баршаңызға амандық, бақыт пен береке тілеймін. Елдің іші даусыз, сырты жаусыз болғай, - деген тілегін білдірді басқарма төрағасы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізу жөнінде қаулы қабылдады. Бүгінгі күні барша Қазақстан халқы болып, ел Тәуелсіздігінің алғашқы қадамы болған Республика күні мерекесін ұлықтау үстінде. Салтанатты шара барысында университеттің үздік мамандарына отандық ғылым саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасы, ППУ Басқарма төрағасы-ректоры Жанбол Жилбаевтың Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар, тағы біртоп әріптесіміз «Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Павлодар облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Салтанатты шараға жиналған қауым әнші Бәти Досұлан, Абзал Абдллаев сынды әншілер мен «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студенттерінен құралған «Аманат» ансамблінің әсем әнін тыңдап, көңіл сергітті.