ППУ-ДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР АЙТЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ
16.03.2021
Әз-Наурыз қарсаңында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына және ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып, Павлодар педагогикалық университетінде «Жүз жасаған жүрек» атты республикалық студенттер ақындар айтысы өтті. Жыр жүйріктері бәйгесіне жергілікті Кереку өңірінің айтыскер ақындарынан бөлек, Сыр өлкесінен (Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) дарынды жас ақын Жамбыл Бақытәліұлы мен былайғы жұртшылыққа аты танымал болып келе жатқан Семейлік Айшолпан Тілеутай қатысты.
Оразбек Бақытхан, ППУ филармониясының директоры, ұйымдастырушы:
«Айтыстың негізгі мақсаты – студент жастар арасында қазақтың төл өнерін, сөз өнерін дәріптеу, мәдениетін насихаттау болып табылады. Былтырғы жылы университетімізде пандемия кесірінен осындай республикалық ақындар айтысы онлайн форматта өткен болатын, ал биыл ақындарымызды дәстүрлі форматта сахна төрінен көріп отырмыз. Негізі, бүгінгі сөз додасына Астана, Қарағанды қалаларынан да айтыскер ақындарымыздың келуі әу баста жоспарланып еді, бірақ белгілі себептерге байланысты олар келе алмай, қаламыздың Торайғыров Университеті мен Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжінің ақын-студенттері қатысты».
Сүбелі сөзді суырып салатын жыр жүйріктерінің шалқар шабыты мен мәнерлі мақамын өңіріміздің айтыс өнерінде аты шыққан танымал ақындар: «Желдірме» ақындар мектебінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек, Павлодар облысы мәслихатының депутаты, ҚР Павлодар облысы Жазушылар филиалының төрағасы Жарқынбек Амантайұлы және халықаралық республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері Қуанышбек Шарманов бастаған әділқазылар алқасы бағалады.
Жамбыл Бақытәліұлы, айтыскер ақын
«Павлодарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен, Сыр елінен арнайы ат терлетіп келіп отырмыз. Айтыс сүйер көрермен үшін, қатысушылар үшін осындай сөз додасын ұйымдастырып, студенттер арасындағы ақындар басын біріктіріп отырған Павлодар педагогикалық университетіне алғыс білдіреміз!»
Дүбірлі айтыста жас ақындар «Жыр алыбы – Жамбыл» тақырыбы аясында жырдан шашу шашып, күнбелікті қоғам келбеті, ұлт келбеті, тіл мәселесі, қыз бен ұл тәрбиесі, бүгінгі коронавирус індетінің таралуы мен Кереку өңірі туралы тақырыптар сөз болды. Сондай-ақ сөз үстінде жалпақ жұртшылықтың кейбір келеңсіз проблемалары, киген киім, жүріс-тұрысқа қатысты қағытпа әзілдер айтылып, айтыс сүйер қауымды желпіндіріп, шапалақтап отырған көрермендердің көңілінен шығып отырды. Дара дарын иелері аға мен іні, бауыр мен қарындас арасындағы сыйластық пен ізеттілікті сақтай отырып, сөздерін мәнді ой мен әдемі әзілмен өрнектеді.
Бәсекенің бас жүлдесі Семейлік Айшолпан Тілеутайға бұйырды. Ал шашасына шаң жұқтырмайтын Жамбыл Бақытәліұлы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Павлодар педагогикалық университетінің ақыны Нұрсерік Тәуекеловтің еншісінде. Ал үшінші орынды ППУ студенті Мақсұт Нариман қанағат тұтты. Айтысқа қатысушы барлық ақындарға ақшалай сертификат табысталды.
ППУ Баспасөз қызметі