ППУ-ДА ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТКІЗІЛДІ
04.03.2021
Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде республикалық «Қайырымды істер марафоны» акциясы аясында Жастар саясаты департаменті және студенттік ұйымдардың ұйымдастыруымен Марат Айшаға арналған қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Игі шараға білім ордасының профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлері, сондай-ақ студенттері бір ауыздан жұмыла қатысты. Жәрмеңкеге жаңа піскен нан өнімдері, самса, бәліш, кондитерлік түрлі тәтті тағамдар, шырын, тәтті букеттер қойылды. Қайырымдылық акциясына ППУ ректоры Жанбол Жилбаев та қатысып, жинақ сандықшасына өз үлесін қосты.
Университет тарапынан қолдау тауып, көрсетіліп жатқан бұл көмекке Марат Айшаның анасы мен әжесі қатты қуанып, келіп ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында көпшілікті тарту мақсатында ән-күйден шашу шашылып, шағын аукцион ойнатылды. Қайырымдылық акциясынан жиналған барлық қаражат сомасы (106200 тг) қатерлі ісікке шалдыққан Марат Айшаның ем-домына жұмсалатын болады. Қайырымдылық жәрмеңкесін қолдауға «Тортилия» кондитерлік дүкені және «Сладкие букеты» павильоны, "Ханым" сұлулық салоны демеушілік көрсетті.