ППУ: 2021-2022 ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ МЕН ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
29.06.2022
Павлодар педагогикалық университеті үшін 2021-2022 оқу жылы оңай болған жоқ. Дегенмен ауыз толтырып айтар ауқымды істер мен мақтанышпен еске алар жетістіктер де болды. Бүгін ППУ Басқарма төрағасы-Ректор Жанбол Жилбаевтың төрағалығымен оқу жылын қорытындылау жиыны өтті. Оған барлық проректорлар, декандар және оқу орынның профессорлық-оқытушылық құрамы қатысып, өз салалары бойынша ағымдағы оқу жылының жетістіктері мен ерекшеліктері туралы баяндады.
- Аталмыш оқу жылы оңай болған жоқ. Ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар өте көп. Барша жұртты әбігерге салған пандемияны бастан кешірдік. Білім беру саласындағы ауқымды реформалардың куәсі болдық. Мысалы ҚР Оқу ағарту ісі және Жоғары білім мен ғылым министрліктері қайта құрылды. Сонымен қатар жалпы халықтық референдумның өтуіне де атсалыстық. Жоғарыда аталған осы және өзге де мемлекеттік науқандарға Павлодар педагогикалық университеті белсенді қатысты. Даму стратегиясын негізге ала отырып, біздің университет алдыңғы қатарлы көп салалы білім беру мекемелері қатарынан көрінді. Даму концепциясын қайта қарап, стратегиялық бағыт-бағдарын өзгертті. Естеріңізге салып өтейін, Университеттің ең негізгі міндеті — Ұлт дамуына айрықша серпін беретін Қазақстан Республикасының педагогикалық құрамын қалыптастыру. 2021 жылдың қазан айында педагогикалық қара шаңыраққа Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов келді. Ал, 2022 жылдың маусым айында ҚР оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов іс-сапармен арнайы ат басын бұрды. Құрметті меймандар университеттің әлеуетін жоғары бағалап, білім ордасын дамыту жолындағы істерімізді қолдайтындығын жеткізді, - деді Жанбол Октябрьұлы.
ППУ Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенконың сөзінше, биыл университетке бөлінген мемлекеттік гранттар саны артқан. Атап айтар болсақ, 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс гранттарының жалпы саны 785 грантты құрады.
Бұл үлкен жетістік, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Сондай - ақ, биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша 331 грант бөлінді. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда көп. Осы бағдарлама бойынша алғаш рет 85 грант «Орыс тілі мен әдебиеті» ББ бойынша бөлінген.
-Университеттің барлық жетістіктері ұжымның ауызбіршілігінің арқасы. Сіздерге, декандарға, ББ басшыларына, академиялық мәселелер жөніндегі департаментке қажырлы және жүйелі жұмысы үшін алғыс айтқым келеді. Академиялық процесстегі маңызды жаңалықтар мен жаппай жетістіктер – бұл біздің күнделікті ауыр жұмысымыз. Алайда, бұл университеттің ең негізгі қызметі. Алдағы жаңа оқу жылын да сәтті өткізетінімізге сенемін, - деді Ольга Константиновна.
Жиын барысында ППУ Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин, Тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Мақсат Нығмановтар да ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Сонымен қатар, университет жанындағы жоғары мектеп оқытушылары да өткен оқу жылының кейбір кемшіліктері бойынша мәселе көтеріп, оны шешу жолдары бойынша ұсыныстар айтты.
Университет ректоры Жанбол Жилбаев жиын соңында өткен жылы бекітілген жоспарлы жұмыстың 90 пайызы орындалғанын атап өтті. Ал, алдағы басты міндеттердің бірі – университеттің 60 жылдық мерейтойын абыроймен атқару. Оқу орын басшысы осы және өзге де жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды. Кездесу соңында ректор ұжымды Павлодар педагогикалық университетіне көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұлан есімі берілуімен құттықтады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның тиісті шешімі шыққаны туралы ресми жарияланған болатын.