Перейти к содержимому страницы.

ТАЛАНТТАРДЫ БІРГЕ ҚОЛДАЙМЫЗ!

22.02.2022

Павлодар педагогикалық университеті Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы және мәдени – сауық қызметі орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Студенттерге сапалы, заманауи білім беру, оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда озық үрдістер мен жаңа тәсілдерді пайдалану мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға университеттің тәрбие ісі және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы мен «Шаңырақ» орталығы басшысының орынбасары Сұлтанова Замира Амангелдіқызы қол қойды.

Проректор Болат Құдайбергенұлының айтуынша, аталмыш жобаның мақсаты – мәдениет және өнер саласындағы мамандармен бірлесіп, жастарды облыстың мәдени өміріне тарту, дарынды жастардың жаңа есімдерін ашу, олардың әлеуетін іске асыруға қолдау көрсету, таланттарды таныту.

Университетте болашақ ұстаздар арасында белсенді, талантты студенттер көп. Мұнда дарынды түлектер шәкіртақы ала отырып, тегін оқиды. «Біз студенттеріміздің дарындылығын дамытып, таныту үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз.

«Шаңырақ» орталығының кәсіби мәдениет қайраткерлерімен бірлесіп жұмыс істеу студенттерімізге жаңа мүмкіндіктер ашады», - дейді Болат Құдайбергенұлы.

Меморандумда «Шаңырақ» орталығы ұйымдастыратын іс-шараларға университет студенттерінің тікелей қатысуы, оларға кәсіби режиссерлер, актерлар, әншілер мен музыканттар қолдау көрсетеді.

"Шаңырақ" орталығы барлық қажетті құрал-жабдықтармен, музыкалық аспаптармен, кәсіби сахнамен және т.б. жабдықталған. Мұнда көптеген мықты шығармашылық ұжымдар, үйірмелер, секциялар мен қызығушылық клубтары жұмыс істейді.

Сол күні «Шаңырақ» орталығында өткен әншілер мен жетекші іс-шараларға университеттің дарынды студенттері қатысты.

Орталықтың кәсіби мамандары қатысушылардың өнеріне әділ бағасын беріп, кастинг барысында өз өнерлерін көрсеткен студенттерге ынтымақтастықты ұсынды.