ПМПУ ЕРТІС-БАЯН ӨҢІРІНІҢ ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАРЫ ЖАЙЛЫ ЖАҢА 25 ФИЛЬМНІҢ ТҰСАУЫН КЕСТІ
11.12.2019
Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Алтынбек НУХҰЛЫНЫҢ бастамасымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен «Достық үйінде» көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері, Еңбек Ері Олжас Сүлейменовтің қатысуымен «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасына» арналған қысқаметражды фильмнің екінші кезеңінің тұсаукесері табысты өтті. Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Павлодар мемелкеттік педагогикалық университеті қабырғасында іске асуда. Шара қонақтары: Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «Еуразия мәдени қорының» президенті, композитор Ерұлан Қанапиянов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаббас Бектұров, сондай-ақ, керекулік зиялы қауым өкілдері. Облыс әкімі Болат Бақауов бұл шара туралы: Мұндай фильмдердің бүгінгі таңда маңызы аса жоғары. Жас ұрпақтың өз тарихымен сусындап, халқымыздың ұлы да дана тұлғаларын білсе ғана өз еліне еңбек ететін патриот болып өспек. Фильмдерде айтылған әрбір дерек пен мағлұмат жас ұрпақтың бойына ұлтына деген махаббатты арттыра түсетініне сенімім мол» деп атап өтті. Фильмдердің алғашқы кезеңінің тұсаукесері 2019 жылдың сәуір айында өткен болатын. Мақсат – Ертіс-Баян топырағында туып өскен 100 тарихи тұлғалардың өмірі арқылы жас ұрпақтың елге, жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық рухын нығайту. Бұл фильмдер ұлттың нағыз батырларына айналған, өз халқының қорғаны мен тірегі, рухани көсемі, ақыл-ойы болған адамдар туралы баяндайды. Олардың өмірі - өз Отанына жанқиярлықпен қызмет етудің жарқын мысалы. Олардың бірі халқы үшін майдан даласында шайқасса, бірі, қазақстандық ғылымды насихаттап, ағартушылық қызметпен айналысты. Осындай адамдардың арқасында қазіргі заманғы, материалдық-рухани бай Қазақстан қалыптасты. Екінші кезеңдегі 25 қысқаметражды фильмнің кейіпкерлері - Исабек Ишан, Ғабдул Уахит Хазірет, Жүсіпбек Аймауытов, Иманжүсіп Құтпанұлы, Всеволод Иванов, Олжас Сүлейменов сияқты басқа да көрнекті тұлғалар. Фильмнің жарыққа шығуына композитор, меценат Ерұлан ҚАНАПИЯНОВ пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаббас БЕКТҰРОВ қаржылай демеушілік жасады. Идеяның авторы және жоба жетекшісі, ПМПУ ректоры Алтынбек Нухұлы іс-шараның қонақтарына қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіре келе: «Бүгін біз «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғалары» атты үлкен мәдени және рухани әрі бірегей іс-шараның куәсі болдық. Тұсаукесер рәсіміне мәртебелі мейман - ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қатысуы біз үшін үлкен мәртебе» деп атап өтті. Шара барысында көпшілік назарына көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің жайында жасалған он минуттық фильм ұсынылды. Университеттің жас маманы Бәкіжан Кәкім Олжас Омарұлының «Айналайын» және «Арғымақ» өлеңдерін жатқа оқыды. Кез-келген жобаның сәтті жүзеге асуы жақсы, ынталы командаға байланысты. Фильмдерді қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің мамандары жасады. Университеттің бейне студиясы шығармашылық жұмыстарға толы болды: түсірілім жұмыстары, дыбыстау, редакциялау, видео-дискілердің мұқабаларын дизайндау және презентация өнімдері. Бұл ерекше жобаға сценаристтер, редакторлар, монтаждаушылар, дизайнерлер - барлығы өз үлестерін қосты. Көрермендер арнайы жасалған фильмдер жайлы фильмнен тамашалады.
Жанасыл СЕРІКБОЛ,
Қоғаммен байланыс жөніндегі департаменті