Перейти к содержимому страницы.

ПМПУ-ДA ҒЫЛЫМ АПТАЛЫҒЫ ӨТКІЗІЛДІ

22.04.2020

 

Құрметті достар! ПМПУ-да Ғылым апталығы аяқталды. Дәстүрлі іс-шаралар бағдарламасы жоғары деңгейде өтті және университеттің ғылыми қауымдастығы үшін нәтижелі болды. Осы кезеңде ғылыми іс-шаралар бір уақытта оқу ордасындағы кадрларды даярлаудың барлық бағыттары бойынша өткізілді. Ғылым апталығы ПМПУ студенттері мен оқытушылары асыға күтетін, ғылым саласындағы маңызды мәселелерді талқылауға, жаңа жобаларды ұсынуға, олардың педагогикалық қауымдастық үшін практикалық мәнін айқындауға арналған маңыздылығы жоғары апталық.

13-21 сәуір аралығында Павлодар және Қарағанды облыстарының мұғалімдеріне арналған «Мектептік гуманитарлық жобалардағы «Мәңгілік Ел» ұлттық-патриоттық идеясын дамытудың өзекті мәселелері» атты вебинарлар өткізілді; «Абайтанудың өзекті мәселелері», «Ғылымдар контактологиясы», «Археологиялық және этнографиялық тоқымаларды қалпына келтіру және сақтау мәселелері» тақырыптарына ғылыми семинарлар жүргізілді; «Тіл туралы ғылым және ғылым тілі» тақырыбына дөңгелек үстел; «ПМПУ-дың ПЖМ ғалымдарын білесің бе?» онлайн-викторинасы; «Ең үздік студент-зерттеуші», «Үздік ғылыми клуб» конкурстары өткізілді. ПМПУ студенті Жанабек Иран мектеп оқушылары үшін онлайн сабақтар ұйымдастырды; магистрант Серикбаев А.С. YouTube платформасында «Программалау тілі және программалау жүйелері» атты сабақ дайындады; докторант Кабдолова Г.К. оқытушылармен бірге балықтың коллекциялық үлгілерін алу әдісі бойынша патент алды.

Айтулы ірі шаралардың ішінде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған online форматтағы «Жаңа қоғамдағы жастардың әлеуеті: білім және ғылым сапасы» атты өткізілген XVI университетішілік ғылыми конференциясын атап өтуге болады. 18 секциялық онлайн-отырыс ұйымдастырылып, оның нәтижелері бойынша студенттік мақалалар жинағы басылып шығарылды. Конференцияның қорытындысы бойынша, аймақтың педагогикалық ұжымының қызығушылығын ескере отырып, 2020 жылдың мамыр айының басында жоспарланған «Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру» тақырыбында Павлодар облысының мектеп оқушылары мен мұғалімдері үшін қосымша вебинар өткізу туралы шешім қабылданды.

Университеттің жоғары мектептері өз тарабынан апталыққа қатысуға басқа ұйымдар мен мекемелерден әріптестерін, шетелдік серіктестерін шақырды.    

Сонымен қатар әріптестеріміз ПМПУ-да өткізілетін  іс-шаралармен ғана шектелмей, Clarivate Аnalytics, Назарбаев университетімен, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы КазҰПУ, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, КазМҚПУ, Коркыт Ата атындағы ҚМУ, Торайғыров Университеті, ИнЕУ, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ, сондай-ақ шетелдік Түркия, Әзірбайжан, Украина, Ресей және Ливандағы әріптестермен бірге өткізілген вебинарларына, онлайн семинарларына, сайыстар мен байқауларына қатысты.

Ғылыми апталықта педагогикалық шеберліктерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болған студенттер мен оқытушыларды құттықтаймыз. ПМПУ студенті Маркаич Жанна ТМД елдерінің ғылыми және білім беру мекемелері арасында «Бөбек» ұлттық қозғалысы бірлестігінің заңды тұлғалар қауымдастығы ұйымдастырған «I Халықаралық кітап басылымы» жобасының «Үздік жас ғалым – 2020» бірінші дәрежелі дипломымен марапатталды. Ал оның жетекшісі Асылбекова Г.Е. жас ғалымдарды қолдаудағы еңбегі үшін Алғыс хатпен марапатталды.

«Химия және педагогика» пәні бойынша республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Химия» мамандығының студенті Абилканова Мадина 1 дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенті Қабдылбәри Әнел мектеп оқушылары мен студенттері арасындағы «Ғылыми әлеумет»  қашықтықтан өткізілетін республикалық ғылыми жұмыстар байқауында 1 орын алды.

«Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасының студенттері KKO.kz сайты ұйымдастырған Республикалық қашықтық олимпиадаға қатысты және барлық 7 оқушы «Педагогика» пәнінен максималды балл жинады, сол үшін олар 1 дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Сонымен қатар, ПМПУ студенттері «Биология» мамандығының студенттері арасындағы Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша 3 командалық орынды иеленді (жеке жарыста 2-ші).

Өткізілген шаралар ПМПУ-дағы ғылыми аптаның соңы емес екенін атап өткіміз келеді. Сәуір бойы университет студенттері мен оқытушылары, сонымен қатар барлық мүдделі тұлғалар ПМПУ-да өткізілетін іс-шараларға қатыса алады. Біздің әлеуметтік желілерді және ПМПУ сайтын бақылап отырыңыздар.

Студенттеріміз бен әріптестерімізге ғылыми іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз және ғылыми-зерттеу жұмыстарыңызға шығармашылық табыстар тілейміз.