Перейти к содержимому страницы.

"Педагогикалық ғылым мен практиканың интеграциясы: тенденциялар, мүмкіндіктер және перспективалар"

06.04.2021

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінде Павлодар облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия директорларының қатысуымен "Педагогикалық ғылым мен практиканың интеграциясы: тенденциялар, мүмкіндіктер және перспективалар" атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған Павлодар облысы білім беру басқармасы, облыстық Білім беруді дамытудың инновациялық орталығы, Павлодар қаласының білім беру бөлімінің өкілдері және ППУ жоғары мектептерінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Кездесудің мақсаты – Павлодар педагогикалық университеті мен Павлодар облысының тірек мектептері арасында тығыз байланыс орнату,  педагогикалық ұжымдар мен университетің жетекші ғалымдары арасындағы әріптестік және ынтымақтастық қарым-қатынас құру.

Отырыс барысында қазіргі білім беру саласындағы көкейкесті сұрақтар: жас маманға мектепте қойылатын талаптар, функционалдық сауаттылық мәселелері, мектептерге тәлімгерлік орнату жүйесі, инклюзивті білім беру, қала және ауыл мектептеріне тереңдетіп оқытатын жаңа пәндерді енгізу, мектеп бағдарламасына инновациялар мен технологиялардың интеграциясы сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

Дөңгелек үстелде сондай-ақ педагогикалық ғылым мен практиканың өзара байланысы, оларды біріктірудің заманауи тәжірибелері жайында сөз болды.  

Басқарма төрағасы – ректор Ж.Жилбаевтың басшылығымен өткен шараға білім беруді дамытудың Инновациялық орталығының басшысы Аушахманова Б.Т., Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Айтказина С.О, Дарынды балаларға арналған №3 гимназиясының директоры Құспекова Қ.М, облыстық дарынды балаларға арналған көпсалалы лицей-интернатының директоры Рахымжанова А.С. баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, университетіміздің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Игнатова Е.В., Педагогикалық зерттеулер орталығының директоры Сырымбетова Л.С. Педагогика жоғары мектебінің доценті Сарсембаева Э.Ю, Жаратылыстану жоғары мектебінің доценті Корогод Н.П. түрлі мәселелер бойынша пікірлерімен бөлісті.  

Кездесу соңында кеңеске қатысушылар аймағымыздағы атаулы тірек мектептермен тығыз байланыс орнатылып, білім беру саласында оқушыларды жан-жақты дамытуға зор үлестерін қосатындарын алға тартып, алдағы уақытта осындай кездесулер ұйымдастырудың маңызы зор екендігін айтты.     

 pedvuz

pedvuz2

pedvuz3

pedvuz4

pedvuz5

pedvuz6

                                                                                                                                                  ППУ Баспасөз қызметі