ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ БАЯНАУЫЛДА
14.06.2023
Әлкей Мағұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті облыс мектептерімен бірлесіп, 2021 жылдан бастап "Педагогикалық сыныптар" жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында болашақта педагог мамандығын таңдаймын деген 10-11-ші сынып оқушылары іріктеледі. Осы келісім аясында Марғұлан университеті педагогикалық сыныптың 30 оқушысын Баянауылдағы "Жас дәурен" лагеріне демалысқа апарды.
Педагогикалық сынып жобасы 2021 жылы басталған. Бүгінгі таңда университет басшылығы облыс орталығындағы 2-ші ЖОББМ және Майқайың кентіндегі М. Әуезов атындағы білім ұясымен арнайы меморандум жасап, жобаны жүйелі түрде жалғап келеді. Негізгі мақсаты — болашақ мамандығын білім саласымен байланыстырамын деген жастарды іріктеу.
Қазіргі уақытта екі мектепті қосқанда 100-ден астам бала педагогикалық сынып жобасына қатысуда. Мектеп басшылығының сөзінше мұндай жобалардың әлеуеті жоғары. Бұл оқушыларды қазірден бастап, ұстаздық жолға баулуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, аталмыш жоба облыста алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Демек, жазғы демалыс лагері де бірінші рет өткізілуде. Оқушылардың да көңіл күйі жоғары. Мұны өздері де жасырмады.
Бұл жерде мектеп оқушылары түрлі тренингтерге қатысып, жазғы демалыстарын тиімді өткізеді. Марғұлан университетінің ұжымы алдағы уақытта тағы бірнеше мектеппен меморандум жасап, жоба ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.