ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫМЕН ӘРІПТЕСТІК ЖАЛҒАСАДЫ
26.02.2025
Марғұлан университетіне “Назарбаев зияткерлік мектептері’ дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығының” өкілдері келді. Қонақтарды Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Ержан Әмірбекұлы қабылдап, консорциумдық келісім аясында бірлесіп атқарылатын жұмыстарды талқылады.
“Назарбаев зияткерлік мектептері Дербес білім беру ұйымы Педагогикалық шеберлік орталығы” директорының м.а Толқын Айдосованың айтуынша, Марғұлан университетінің қосымша білім беру институтымен бірге педагогикалық қайта даярлау курстарын іске асырып келеді. Марғұлан университетінің аталған орталықпен әріптестік байланыс орнатып, жұмыс жасай бастағанына екі жыл болды.
- Алдыңғы семинарда жасанды интеллекті оқыту процесінде қолдану тақырыбын оқытқан болсақ, бүгін соның практикалық бөлімі және критериалды бағалау мәселесін түсіндіреміз. Сонымен қатар, Марғұлан университеті қосымша білім беру институты мамандарымен бірлесе отырып, курс тыңдаушыларының қорытынды аттестациясын қалай жүзеге асыратынымызды талқылаймыз. Яғни, нормативтік-құқытық құжаттарға сай іске асыру сұрақтарын талқылап жатырмыз, - деді Толқын Қайырбекқызы.
Кездесу барысында екі жылдан бері университетімізде PGCE (Postgraduate Certificate in Education) бағдарламасының жүзеге асырылып жатқаны да назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта да әріптестік қарым-қатынасымыз нығая түсетіні айтылды.
Қонақтар осы сапары аясында университет қабырғасында “Жасанды интеллект оқытуға деген көзқарасты қалай өзгертеді және студенттердің мотивациясын арттыруға қалай әсер етеді?” тақырыбында семинар өткізді. Онда “Білім беру саласындағы жасанды интеллект технологиялары: практикалық кейстер мен қолдану бойынша ұсыныстар”, “Критериалды бағалаудың ерекшеліктері. Кері байланыс – студенттердің мотивациясын арттыру құралы” тақырыптары кеңінен талқыланды.